Қор биржасында айналымына жіберілетін (жіберілген) эмитенттерге және олардың бағалы қағаздарына
талаптары, және де қор биржасы тізімінің бөлек санаттары туралы
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау
жөніндегі агенттігі басқармасының 2008 жылғы 26 мамырдағы № 77 қаулысы
Осы редакция 2008 жылғы 22 тамыздағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Бағалы қағаздар рыногы» туралы 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 89-бабының 1-тармағына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бағалы қағаздар рыногын одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулы мақсаты үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Қор биржасының ресми тізімі (ресми тізім) - қор биржасының енгізілуі және болуы белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиісті бағалы қағаздар мен бағалы қағаздар эмитенттерінің тізімі;
2) маркет-майкер - қор биржасы маркет-майкер ретінде таныған және қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес бағалы қағаздар бойынша баға белгілеуді тұрақты хабарлап отыру және қолдау көрсету жөнінде өзіне міндеттеме қабылдаған қор биржасының мүшесі;
3) жергілікті атқару органдарының облигациялары - республика дәрежесіндегі қаланың, астананың жергілікті атқару органдары шығарған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары;
4) ресми тізім секторы - белгіленген талаптарға сәйкес келетін эмиссиялық бағалы қағаздар енгізілген қор биржасының ресми тізімінің бөлігі;
5) арнайы кәсіпорын (Special purpose vehicle) - шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған, қызметінің жалғыз түрі өзінің жеке құрылтайшысының (қатысушысы, акционері) - осы немесе басқа мемлекеттің заңды тұлғасының кепілдігіне, оның ішінде борыштық бағалы қағаздар шығару және орналастыру жолымен қаржы тарту болып табылатын заңды тұлға;