Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар қолданатын компьютер жүйелерінің бақылау чегінің нысанын және мазмұнын белгілеу туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2008 жылғы 31 желтоқсандағы № 117 Қаулысы
ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 26 ақпандағы № 39 Қаулысымен күші жойылды
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасы Кодексінің 649-бабына сәйкес, банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар қолданатын компьютер жүйелерінің бақылау чегінің нысанын және мазмұнын белгілеу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар (бұдан әрі - банк) үшін компьютер жүйелерінің қолма-қол ақша арқылы ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыру кезінде берілетін бақылау чегінің мынадай міндетті деректемелері белгіленсін:
1) банктің (құрылымдық бөлімшенің) атауы;
2) банктің (құрылымдық бөлімшенің) салық төлеушісінің тіркеу нөмірі;
1-тармақтың 3) тармақшасы 2010 жылғы 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді
3) банктің (құрылымдық бөлімшенің) бизнес сәйкестендіру нөмірі;
4) компьютер жүйесінің салық органындағы тіркеу нөмірі;
5) компьютер жүйелерінің бақылау чегінің банкте (құрылымдық бөлімшеде) берілген реттік нөмірі;
6) операция жүргізу күні және уақыты;
7) операцияның атауы;
8) әрбір жүргізілген операцияның сомасы;
9) жүргізілген операциялар бойынша жалпы қорытынды;
10) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген басқа деректемелер.
2. Компьютер жүйелерінің бақылау чегінде қосымша бақылау-касса машинасын шығарған зауыттың техникалық құжаттамасында көзделген деректер, оның ішінде қосылған құн салығының сомасы туралы деректер болады.
3. Компьютер жүйелерінің бақылау чегінің тік бұрышты пішіні болады.