Соттардың бандитизм және қылмысқа қатыса отырып, басқа қылмыстар
жасағаны үшін жауапкершілік туралы заңнаманы қолдануының
кейбір мәселелері туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының
2001 жылғы 21 маусымдағы № 2 нормативтік қаулысы
Осы редакция 2008 жылғы 22 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Сот тәжiрибесiнде адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы, ұйымдасқан қылмыстық топ, банда мен қылмыстық сыбайластық (қылмыстық ұйым) жасаған қылмыстар үшiн жауапкершiлiк көздейтiн заңнаманы қолдану кезiнде пайда болатын мәселелерге байланысты Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қаулы етедi:
1. Адамдар тобы, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы, ұйымдасқан қылмыстық топ, банда және қылмыстық сыбайластық (қылмыстық ұйым) жасаған қылмыстардың ерекше қауіптiлiгiне соттардың назары аударылсын.
2. Қылмысқа қатысу тек қасақана қылмыс жасау кезiнде орын алуы мүмкiн. Сондықтан бiрнеше адамның абайсыздықтан қылмыс жасауы адамдар тобы жасаған қылмыс ретiнде қарастырылмайды.
3. «Адамдар тобының», «алдын ала сөз байласқан адамдар тобының» қылмыс жасау дәрежелеушi белгiлерi ҚК-нiң 31-бабының 1-бөлiгiне сәйкес, қылмысқа қатысушыларға - қылмысты жасауға екі және одан да көп орындаушы қатысқан жағдайларда қолданылуы мүмкiн.
Егер де қылмысты жасау кезiнде бiр ғана орындаушы қатысып, ал басқа адамдар ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесушi ретiнде қатысса, онда орындаушының мұндай жағдайлардағы iс-әрекетi басқа дәрежелеушi белгiлердің болуына қарай, осы қылмыс үшiн тiкелей жауапкершiлiк көздейтiн баптың тиiстi тармақтары, бөлiктерi бойынша дәрежеленіп, ал басқа бiрге қатысушылардың iс-әрекеттерi ҚК-нің 28-бабына сiлтеме жасалына отырып дәрежеленуi тиiс.
Қылмысты ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына кiретiн адамдар жасаған кезде де, сондай-ақ банда мүшелерi мен қылмыстық сыбайластық (қылмыстық ұйым) мүшелерi жасаған кезде де қылмыс - ұйымдасқан топтың жасаған белгiсi бойынша дәрежеленуi мүмкiн.