Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Кеден одағын қалыптастыру
шеңберінде халықаралық шарттарды қолдану туралы
шарт
(Санкт-Петербург қ. 2010 жылғы 28 мамырда)
(2010.08.06. берілген өзгерістермен)
ҚР 2010 жылғы 30 маусымдағы № 315-ІV Заңымен ратификацияланды
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы,
халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде кеден одағын қалыптастыру және кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында кедендік реттеуді қамтамасыз ету мақсатында,
кеден одағын құру шеңберінде жасалған халықаралық шарттардың ережелерін қолдану мен сақтау жөніндегі кеден одағына мүше мемлекеттердің міндеттемелерін назарға ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Шартты іске асыру мақсаты үшін:
1) кеден одағының бірыңғай кедендік аумағы деп Тараптардың аумақтары, сондай-ақ Тараптардың ерекше заң құзыры бар Тараптардың аумақтарынан тыс жерлерде орналасқан жасанды аралдар, қондырғылар, құрылыстар мен өзге де объектілер түсініледі;
2) кеден одағының тауары деп:
Тараптардың аумақтарында толық өндірілген,
кеден одағының кедендік аумағына әкелінген және Кеден одағының Кеден кодексіне және кеден одағына мүше мемлекеттер ретінде Тараптардың өзге де халықаралық шарттарына сәйкес кеден одағының тауары мәртебесіне ие болған,
Тараптардың аумақтарында осы тармақшаның екінші және үшінші абзацтарында көрсетілген және Кеден одағының Кеден кодексіне және кеден одағына мүше мемлекеттер ретінде Тараптардың өзге де халықаралық шарттарына сәйкес Кеден одағының тауары мәртебесіне ие болған тауарлардан және (немесе) шетел тауарларынан жасалған кеден одағының кедендік аумағындағы тауарлар түсініледі;
3) үшінші елдер деп осы Келісімнің Тараптары болып табылмайтын елдер түсініледі;