Қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізу жариялылығы принципін соттардың сақтауы туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 ж. 6 желтоқсандағы № 25 нормативтік қаулысы
Осы редакция 2010 жылғы 25 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Түсініктемені қараңыз
Сот ісін жүргізудің жариялылығы принципінің сақталуы жөніндегі сот практикасын зерделеу республика соттарының қылмыстық істердің басым көпшілігін ашық сот отырыстарында қарайтынын, ал жабық сот отырыстарын өткізу кезінде заңмен белгіленген талаптарды басшылыққа алатынын көрсетті. Сонымен бірге сот ісін қараудың жариялылығын заңсыз шектеу жағдайлары да орын алуда.
Сот төрелігін іске асыру кезінде заңдылықты сақтау мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай - ҚІЖК) 29-бабында бекітілген сот ісін жүргізудің жариялылығы принципі басқа да принциптер жиынтығымен бірге, қылмыс жасаған адамдарды анықтауға және жауаптылыққа тартуға, сот ісін әділетті жүргізуге, қылмыстық заңды дұрыс қолдануға бағытталған қылмыстық процесс міндеттерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Осыған орай, соттар бұл принципті кеңінен іске асырып, барлық мүдделі адамдардың, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот отырысы залына еркін кіруін қамтамасыз етулері қажет.
2. Соттар барлық сот сатыларында қылмыстық іс жүргізу заңының істердің ашық қаралуы туралы талаптарын қатаң сақтауға және сот ісін жүргізудің жариялылығы принципінің бұзылу, азаматтарды сот отырысына негізсіз қатыстырмау фактілеріне жол бермеуге міндетті.
Жариялылықты заңсыз шектеу (іс материалдарын негізсіз құпиялау, заңда көзделмеген негіздер бойынша жабық отырыстар өткізу және т.б.) процеске қатысушылардың процессуалдық құқықтарын кемсітуге және нұқсан келтіруге әкеп соғуы мүмкін.