Рейтингілік агенттіктерді және банктер мәмілелерін жүзеге асыра алатын облигацияларға арналған ең төменгі талап етілетін рейтингіні, сондай-ақ банктер брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асырған кезде мемлекеттік бағалы қағаздарымен мәмілелер жасай алатын елдердің ең төменгі талап етілетін рейтингісін белгілеу туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 28 сәуірдегі № 176 Қаулысы
ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 28 маусымдағы № 141 Қаулысымен күші жойылды
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Екінші деңгейдегі банктер (бұдан әрі - банктер) мынадай бағалы қағаздармен:
«ВВВ-»-тен төмен емес (Standard & Poor's және Fitch рейтингілік агенттіктердің жіктеуі бойынша) немесе «Ваа3»-тен төмен емес (Moody's Investors Service рейтингілік агенттіктің жіктеуі бойынша) рейтингісі бар шетел эмитенттерінің облицияларымен;
«ВВ-»-тен төмен емес (Standard & Poor's және Fitch рейтингілік агенттіктердің жіктеуі бойынша) немесе «Ва3»-тен төмен емес (Moody's Investors Service рейтингілік агенттіктің жіктеуі бойынша), не жоғарыда көрсетілген рейтингілік агенттіктердің ұлттық шәкілі бойынша осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілік бағасы бар Қазақстан Республикасы эмитенттерінің облигацияларымен сатып алу-сату мәмілелерін жасайды деп белгіленсін. Осы абзацтың мақсаттары үшін жарғылық капиталына қатысу үлестерінің елу пайызынан астамы Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Ұлттық Банкке не ұлттық басқарушы холдингіне тиесілі ұйым болып табылатын Қазақстан Республикасы эмитенттерінің облигациялары Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингісін иеленетін Қазақстан Республикасы эмитенттерінің облигациялары деп танылады.
Шетел эмитенттері және Қазақстан Республикасының эмитенттері облигацияларының рейтингісі қаулының осы тармағында айқындалған деңгейден төмендесе, банктер көрсетілген төмендеу болған айдан кейінгі күнтізбелік алты ай ішінде осы тармақта белгіленгеннен төмен рейтингісі бар өздеріне тиесілі бағалы қағаздарды иеліктен шығаруы қажет.