Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп саласындағы
ынтымақтастығы және Өнеркәсіптік саясат жөнінде кеңес құру туралы
келісім
(Ашхабад қ., 2012 жылғы 30 мамырда)
ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 6 қыркүйектегі № 937 Қаулысымен бекітілді
2018 жылғы 27 қаңтарда күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттерінің үкіметтері
2007 жылғы 5 қазандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (бұдан әрі - ТМД) одан әрі дамыту тұжырымдамасына сүйене отырып,
өнеркәсіптің экономикадағы және әлеуметтік дамудағы басым рөлін, сондай-ақ осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп салаларындағы проблемалық мәселелерді бірлесіп шешуге мүдделілігін ескере отырып,
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіптік өнім нарықтарында өзара пайдалы бәсекелі орта құру мақсатында
ерікті және өзара пайдалы кооперациялық байланыстар мен мемлекетаралық мамандандыру принциптеріне негізделген осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің өнеркәсіп салаларының үйлестірілген жұмысын қамтамасыз етудің маңыздылығын тани отырып,
осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің халықаралық міндеттемелерін және заңнамасын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Үйлестірілген өнеркәсіптік саясатты жүргізу мақсатында Тараптар осы Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарында мынадай негізгі бағыттар бойынша өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асырады:
өнеркәсіптік саясат саласындағы өзара келісілген шешімдерді әзірлеу;
өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша ТМД шеңберінде қабылданған халықаралық шарттарды және шешімдерді іске асыру;
өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттарын келісу, осы Келісімге қатысушы мемлекеттер өнеркәсібінің жекелеген салалары бойынша ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындау, бірлескен бағдарламалар мен жобалар тізбесін қалыптастыру;