Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Шри-Ланка Демократиялық
Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы Туризм саласындағы ынтымақтастық туралы
келісім
(Астана қ., 2012 жылғы 20 қарашада)
ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 19 қарашадағы № 1459 Қаулысыменмақұлданды
Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының Үкіметі,
өз мемлекеттері арасындағы достық қатынасты нығайтуға және өз елдерінің тарихы мен мәдени мұраларын зерделеуге ықпал етуді қалай отырып,
туризм Тараптардың өзара түсіністігін нығайтудың және ізгі ниетін білдірудің маңызды құралы болып табылатынын түсіне отырып,
өз елдерінің экономикалық және мәдени дамуы үшін туризмді дамытудың маңыздылығын тани отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптар осы Келісімге, сондай-ақ Тараптардың ұлттық заңнамаларына және өздері қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес теңдік және өзара пайда негізінде туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және дамытуға ұмтылады.
2-бап
Тараптар ынтымақтастықты тереңдету және екі жақты туризмді дамыту мақсатында Тараптар мемлекеттерінің туристік қауымдастықтарының, бірлестіктерінің, ұйымдарының, туроператорларының және турагенттіктерінің арасында байланыстар орнатуға ықпал жасайды.
3-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес өз мемлекеттерінің туризм индустриясына инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал етеді және туризм саласындағы инвестициялық жағдайлар туралы дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етеді, сондай-ақ тиісті инвестициялық жобалармен алмасады.
4-бап
Тараптар мемлекеттерінің аумағында өткізілетін туристік іс-шараларға туристік индустрия субъектілерінің қатысуын Тараптар көтермелейді.
5-бап
Тараптар өз мемлекеттерінің аумағында төтенше жағдайлар туындау қатерлері туралы ақпарат алмасуға ықпал жасайды.