Осы редакция 2013 жылғы 25 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 17 қаңтардағы
№ 87 қаулысымен
бекітілген
«Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі - Санитариялық қағидалар) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексіне сәйкес әзірленген және денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.
2. Осы Санитариялық қағидалар:
1) құрылысқа жер учаскесін таңдау;
2) жобалау, салу, қайта жаңарту;
3) үй-жайларды және жабдықтарды күтіп-ұстау;
4) медициналық қалдықтарды жинау, залалсыздандыру, тасымалдау, сақтау және көму;
5) науқастарды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ медицина персоналының еңбек жағдайлары;
6) медициналық мақсаттағы бұйымдарды стерилдеу және дезинфекциялауды жүргізу;
7) санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу кезінде денсаулық сақтау объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қамтиды.
3. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) антисептик - микробтарды жою мақсатында теріге немесе тінге қолдануға арналған микробқа қарсы химиялық агент;
2) антисептика - емдеуді қамтамасыз ету және инфекциялық үдерістің дамуының алдын алу мақсатында терідегі, шырышты қабықшалардағы, жаралар мен қуыстардағы әлеуетті қауіпті микроорганизмдердің тіршілік етуіне бөгет жасау немесе жою тәсілдерінің жиынтығы;
3) асептикалық режим - микробтардың жараға түсуінің алдын алатын санитариялық-техникалық және санитариялық-гигиеналық іс-шаралар кешені;
4) асептикалық бөлімше - науқаста іріңді инфекция болмағанда медициналық көмек көрсетуге арналған үй-жай;