Осы редакция 2012 жылғы 12 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрінің
2011 жылғы 13 сәуірдегі
№ 127-ө бұйрығына
3-қосымша
«Мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты
берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау»
мемлекеттік қызмет көрсету регламенті
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау» мемлекеттік қызмет көрсету регламенті (бұдан әрі - Регламент) «Әкімшілік рәсімдер туралы» 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабы 4-тармағына сәйкес әзірленді.
2. Регламентте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақылар - бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын, азаматтарға мүгедектік туындаған, асыраушысынан айырылған кезде және жасына байланысты берілетін ай сайынғы ақшалай төлемдер;
2) жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі - департаменттер) - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық органдары;
3) мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақыларды алушы (бұдан әрі - тұтынушы) - мемлекеттік қызмет көрсетілетін жеке тұлға;
4) Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық (бұдан әрі - Орталық) - «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» 1997 жылғы 16 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының шарттары негізінде функцияларды жүзеге асыруға уәкілеттеген заңды тұлға;
5) Орталықтың филиалы - Орталықтың облыстық, Астана мен Алматы қалаларының филиалдары;
6) Орталықтың бөлімшелері - Орталықтың қалалық, аудандық бөлімшелері;
7) ОДҚ - Орталықтың орталық дерекқоры.
3. Мемлекеттік қызметті Орталықтың аудандық, қалалық бөлімшелері көрсетеді.