Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің
2013 жылғы 22 шілдедегі
№ 331-ө-м бұйрығына
2-қосымша
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021.16.03. № 78 бұйрығымен (бұр.ред.қара); 2024.30.05. № 170 бұйрығымен (2024 ж. 15 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) қағида жаңа редакцияда
Қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету
қағидалары
(2024.15.06. берілген өзгерістермен)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бейімдеу және ықпалдастыру қызметтері - қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне қоғамға бейімдеу және ықпалдастыру мақсатында көрсетілетін қызметтер (ақпараттық, заңдық, әлеуметтік, медициналық және білім беру) кешені;
2) бейнеконференц-байланыс - өзара қашық бірнеше абоненттің нақты уақыт режимінде аудио- және бейнеақпарат алмасу мүмкіндігі беріліп, интерактивтік өзара іс-қимыл жасауы үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пайдаланылатын көрсетілетін байланыс қызметі;
3) еңбек мобильділігі орталығы - жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын әзірлеу және іске асыру мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға;
4) қандас - бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері;