Айрықша жағдайларда Бірыңғай кедендік тарифтің ставкаларынан ерекшеленетін кедендік әкелу баждарының ставкаларын қолдану шарттары мен тәртібі туралы
хаттама
(Мәскеу қ., 2008 жыл 12 желтоқсан)
Осы редакция 2012 жылғы 24 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР 2009 жылғы 24 қарашадағы № 202-ІV Заңымен ратификацияланды
2010 ж. 1 қаңтардан бастап күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
2008 жылғы 25 қаңтардағы Бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу туралы келісімнің 4-бабының 6-тармағын іске асыру мақсатында,
халықаралық сауданың жалпыға бірдей танылған нормалары мен ережелерін басшылыққа ала отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Хаттамадағы «Бірыңғай кедендік тариф», «кедендік әкелу бажының ставкасы» және «Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасы» ұғымдары 2008 жылғы 25 қаңтардағы Бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу туралы келісімнің 2-бабында айқындалған мәндерде пайдаланылады.
2-бап
Бірыңғай кедендік тарифті қолданысқа енгізген және оны жүргізу жөніндегі өкілеттіктер Кеден одағының комиссиясына (бұдан әрі - Комиссия) берілген күнінен бастап Бірыңғай кедендік тарифтің ставкасымен салыстырғанда кедендік әкелу бажының неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставкасын (бұдан әрі - неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставка) Тараптардың біреуі осы Хаттамаға сәйкес қабылданатын Комиссияның шешімі негізінде айрықша жағдайларда үшінші елдерден шығарылатын тауарға қатысты қолдануы мүмкін.
Тараптардың біреуінің неғұрлым жоғары ставканы қолдануын, егер мұндай шара осы Тарап мемлекеті экономикасының саласын дамыту үшін қажетті шарт болып табылса, осы Тарап ұсынуы мүмкін.