ҚР Ішкі істер министрінің 2014.29.07. № 477 бұйрығымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2011 жылғы 27 қазандағы
бұйрығына 20-қосымша
Қазақстан Республикасындағы Интерпол Ұлттық орталық бюросы туралы
ереже
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасындағы Интерпол Ұлттық орталық бюросы (бұдан әрі мәтін бойынша - ҰОБ) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің дербес құрылымдық бөлінісі болып табылады.
2. ҰОБ өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
3. ҰОБ-ның құрылымын, штаттық санын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі бекітеді.
4. ҰОБ:
1) басшылықтан;
2) ақпарат және техникалық қамтамасыз ету бөлімшесінен;
3) жалпы қылмыстар және халықаралық іздестіру бөлімшесінен тұрады.
2. ҰОБ-ның негізгі міндеттері, функциялары мен құқықтары
5. Міндеті: Қазақстан Республикасының құзыретті органдарымен, Интерполдың Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы Бас хатшылығының бөлімшелерімен, Интерполға мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктер және консулдық мекемелер жанында бекітілген шетел мемлекеттері құзыретті органдарының өкілдерімен халықаралық қылмыстарға қарсы күрес мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасасуды қамтамасыз ету.
Функциялары:
1) халықаралық қылмысқа қарсы күрес мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы ІІМ бөліністерімен, Қазақстан Республикасының басқа да құқық қорғау органдарымен және қызметтерімен, Интерполдың Бас хатшылығымен, басқа елдердің ҰОБ-ларымен ресми және құпия (жедел-іздестіру) ақпаратпен алмасуды қамтамасыз ету байланыстарын жүзеге асырады;