Тарифтік квоталарды қолданудың шарттары мен тетігі туралы
келісім
(Москва қ., 2008 жыл 12 желтоқсан)
Осы редакция 2013 жылғы 21 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР 2009 жылғы 24 қарашадағы № 203-ІV Заңымен ратификацияланды
2010 ж. 1 қаңтардан бастап күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
экономикалық ықпалдастықты тереңдетуге жәрдемдесу және адал бәсекелестік мақсатында,
халықаралық сауданың жалпыға танылған нормалары мен ережелерін басшылыққа ала отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
«ұқсас тауар» - өзінің функционалдық мақсаты, қолданылуы, сапалық және техникалық сипаттамалары бойынша тарифтік квота шеңберінде бірыңғай кеден аумағына әкелінетін тауармен толықтай бірдей тауар, не тарифтік квота шеңберінде бірыңғай кеден аумағына әкелінетін тауардың сипаттамаларына жақын сипаттамаларға ие, оны тарифтік квота шеңберінде бірыңғай кедендік аумаққа әкелінетін тауардың мақсатына ұқсас функционалдық мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік беретін (мұндай толықтай ұқсас тауар болмаса) және олар коммерциялық қатынаста алмастырылуы мүмкін тауар;
«кедендік әкелу бажы» - тауарларды бірыңғай кедендік аумаққа әкелу кезінде кеден органдары алатын міндетті төлем;
«бірыңғай кедендік аумақ» - Тараптар мемлекеттерінің кедендік аумақтарынан тұратын аумақ;
«Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасы» - Дүниежүзілік кеден ұйымының тауарларды сипаттаудың және кодтаудың үйлестірілген жүйесіне негізделген сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы;
«Бірыңғай кедендік тариф» - үшінші елдерден бірыңғай кеден аумағына әкелінетін, Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес жүйеленген, тауарларға қолданылатын кедендік баждар ставкаларының жиынтығы;
«тауар импорты» - тауарды Тарап мемлекетінің кеден аумағына немесе кері әкету туралы міндеттемесіз үшінші елдердің кеден аумағынан бірыңғай кеден аумағына әкелу;