Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы
бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы
келісім
(Мәскеу қ., 2014 жылғы 23 желтоқсанда)
(2024.08.04. берілген өзгерістермен)
ҚР 2015 жылғы 13 қазандағы № 359-V Заңымен ратификацияланды
2016 жылғы 12 ақпанда күшіне енді
Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер,
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты негізге ала отырып,
медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) (бұдан әрі - медициналық бұйымдар) айналысы саласында үйлестірілген саясат жүргізудің орындылығын мойындай отырып,
адамдардың өмірі мен денсаулығы, қоршаған ортаны, заңды және жеке тұлғалардың мүлкін қорғау, медициналық бұйымдардың тұтынушыларын (пайдаланушыларын) шатастыратын әрекеттердің алдын алу үшін медициналық бұйымдардың қауіпсіздігіне, сапасына және тиімділігіне кепілдіктерді қамтамасыз етуде өзара мүдделілікті ескере отырып,
медициналық бұйымдардың әлеуметтік маңызы бар өнімге жататынын мойындай отырып,
Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі - Одақ) шеңберінде медициналық бұйымдардың ортақ нарығын қалыптастыру мақсатында,
Одақ шеңберінде өндірілетін медициналық бұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ұмтыла отырып,
өзара саудада шектеулерді жоюға ұмтыла отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімнің қолданылу саласы
1. Осы Келісім медициналық бұйымдардың ортақ нарығын қалыптастыру мақсатында Одақ шеңберінде медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидаларын белгілейді.
2. Осы Келісімнің күші Одақ шеңберіндегі айналысқа арналған медициналық бұйымдардың айналысына, сондай-ақ Одақ шеңберінде айналыста жүрген медициналық бұйымдарға байланысты құқықтық қатынастарға қолданылады.