Кеме қатынасы туралы
КЕЛІСІМ
(Алматы, 2019 жылғы 1 ақпанда)
ҚР 2020 жылғы 17 қарашадағы № 376-VI Заңымен ратификацияланды
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері,
Үйлестірілген (келісілген) көлік саясаты туралы хаттаманы (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 24 қосымша) іске асыру мақсатында су көлігі саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға жәрдемдесуге тілек білдіре отырып,
құқықтардың теңдігі мен өзара тиімділік қағидаттарына сүйене отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай мағынаны білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
«ішкі су жолдары» - навигациялық белгілермен немесе өзге де тәсілмен белгіленген, кеме қатынасы мақсатында пайдаланылатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі - мүше мемлекеттер) заңнамасына сәйкес кемелерге шет мемлекеттердің туын көтеріп жүзуге рұқсат етілген, мүше мемлекеттердің табиғи немесе қолдан жасалған су қатынасы жолдары;
«екіжақты тасымалдар» - кеме туын көтеріп жүзетін бір мүше мемлекеттің ішкі су жолдарының порттарынан (порттарына) басқа мүше мемлекеттің ішкі су жолдары порттарына (порттарынан) жүктерді, жолаушыларды және олардың багажын тасымалдау, порттарға (порттардан) сүйретіп жүзу;
«кеме капитаны» - кемеде туы көтерілген мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес аттестатталған және лауазымға тағайындалған, кемені басқаруды, оның ішінде кемені жүргізуді, кеменің жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кемедегі тәртіпті сақтау, су ортасын қорғау, кемеге, кемедегі адамдар мен жүкке зиян келтіруді болғызбау жөнінде шаралар қабылдауды жүзеге асыратын және кеме иесінің өкілі болып табылатын мүше мемлекеттердің бірінің азаматы;
«мүше мемлекеттің құзыретті органы» - ішкі су көлігі саласындағы мемлекеттік саясатты тұжырымдау және нормативтік құқықтық реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын мүше мемлекеттің органы;