«Тарифтерді қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы № 90 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 25 наурыздағы № 26 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Тарифтерді қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы № 90 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19617 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2019 жылғы 26 қарашада жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тарифтерді қалыптастыру қағидаларында:
226-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«226. Уақытша өтемдік тариф осы Қағидалардың 241-тармағына сәйкес шешiм қабылданған күнге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң базалық мөлшерлемесі ескеріле отырып бекітіледі.»;
231-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«231. Уақытша өтемдiк тарифтiң қолданылуы кезеңінде субъект қажет болған жағдайда уәкілетті органның ведомствосына осы Қағидаларға сәйкес жаңа тарифтi бекiтуге өтiніммен жүгінеді.
Бұл ретте жаңа тарифтің деңгейін негіздеуге алынған кіріс субъектінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін тұтынушыларға оның өтеген сомасын шегерумен, шешім қабылданған күнге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі ескеріле отырып негізсіз алынған кіріс сомасына азаяды.
Инвестициялық бағдарламаны іске асыратын және міндеттемелері субъектінің рейтингімен тікелей байланысты кредиттік ұйымдардың қарыз қаражатын тартатын субъекті үшін тарифтік сметаның және (немесе) инвестициялық бағдарламаның орындалмауы нәтижесінде алынған сома кіріс бөлігін кеміту жолымен тарифтің деңгейін өзгертуге өтінімді қарау кезінде ескеріледі.
Бұл ретте тарифтік сметада тарифтік сметаны және (немесе) инвестициялық бағдарламаны орындамау сомасы жеке жолда көрсетіледі.