Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 17 маусымдағы № 306 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Мемлекеттік сатып алу саласында тізілімдерді қалыптастырудың және жүргізудің қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 26 қыркүйектегі № 646 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35143 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік сатып алу саласында тізілімдерді қалыптастырудың және жүргізудің қағидаларында:
21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«21. Осы Қағидалардың 19-тармағының 2) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған жеңімпаздар деп айқындалған әлеуетті өнім берушілер (екінші орын алған және бір көзден жасалатын тәсілмен жасалатын шарттар бойынша әлеуетті өнім берушілерді қоспағанда) бойынша қалыптастырылады.»;
27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«27. Әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, авансты (егер шартта аванс көзделген жағдайда) және (немесе) Заңның 13-бабына сәйкес соманы қамтамасыз етуді енгізбеу жолымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған жағдайда, тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша веб-портал арқылы өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешім қабылдайды және веб-портал арқылы уәкілетті органға осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша осындай өнім беруші туралы мәліметтерді электрондық түрде ұсынады.».
2. «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 9 қазандағы № 687 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35238 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін: