«Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы субъектілерге қатысты тексеру жүргізу кезіндегі сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 19 қарашадағы № 807 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 26 қарашадағы № 81 бірлескен бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 30 маусымдағы № 342 және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 2026 жылғы 30 маусымдағы № 96 бірлескен бұйрығы
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 141 және 143-баптарына және Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 24-бабының 32) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы субъектілерге қатысты тексеру жүргізу кезіндегі сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 19 қарашадағы № 807 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 26 қарашадағы № 81 бірлескен бұйрығына (бұдан әрі - Бірлескен бұйрық) (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17818 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 141 және 143-баптарына және Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 24-бабының 32) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:»;
1-тармақ мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшасымен толықтырылсын:
«3-1) осы бірлескен бұйрыққа 3-1-қосымшаға сәйкес құрылыс үшін инженерлік-геологиялық іздестірулерді жүзеге асыратын тұлғаларға қатысты сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы тексеру парағы»;