Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2026 жылғы 8 қазандағы
№ 355 бұйрығына
2 - қосымша
«Жылыжай көкөністері мен жидектерін өндіру»
кәсіптік стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кәсіптік стандарттың қолдану аясы: «Жылыжай көкөністері мен жидектерін өндіру» кәсіптік стандарты «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес әзірленген.
Кәсіптік стандарт жұмыскерлердің кәсіптік қызметтің белгілі бір түрін жүзеге асыруы, оның ішінде белгілі бір еңбек функцияларын орындауы үшін қажетті, сондай-ақ жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламаларын әзірлеуде біліктілік деңгейлерін айқындауға арналған.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) көкөніс шаруашылығы - ашық және қорғалған топырақ жағдайында көкөніс дақылдарын өсірумен айналысатын өсімдік шаруашылығының саласы;
2) қорғалған топырақтағы көкөніс шаруашылығы - ерте, маусымнан тыс және жыл бойы өнім алу мақсатында қорғалған топырақ құрылыстарында көкөніс дақылдарын, көшеттерді және отырғызу материалын өсіру бағыты;
3) көшет және отырғызу материалы - көкөніс дақылдары мен жидектерден ерте, маусымнан тыс және жоғары өнім алу мақсатында тұрақты орынға отырғызуға арналған жас өсімдіктер;
4) жылыжай - жарық өткізгіш жабындысы бар, реттелетін микроклимат жағдайында көкөніс дақылдарын, жидектерді және отырғызу материалын өсіруге арналған қорғалған топырақтың күрделі немесе уақытша құрылысы;
5) қорғалған топырақ - маусымға қарамастан қоршаған орта жағдайларын реттеу арқылы көкөніс дақылдарын, жидектерді және отырғызу материалын өсіруге арналған құрылыстар мен технологиялардың жиынтығы;