Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіру мақсатында жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы
КЕЛІСІМ
(Мәскеу қ., 2021 жылғы 16 ақпанда)
ҚР 2022 жылғы 24 қарашадағы № 160-VII Заңымен ратификацияланды
2023 жылғы 24 ақпанда күшіне енді
Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер,
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 53-бабы 4-тармағының екінші абзацына сәйкес,
Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі - Одақ) техникалық регламенттері талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау (қадағалау) саласындағы мүше мемлекеттердің заңнамасын жақындату қажеттігін мойындай отырып,
мүше мемлекеттердің аумақтарында қауіпсіз өнім өндірісі мен айналысына маңызды мән бере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім мүше мемлекеттерде Одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) (бұдан әрі - мемлекеттік бақылау (қадағалау)) мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіру мақсатында жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдерін айқындайды.
2-бап
Дара кәсіпкерлер ретінде тіркелген заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың (бұдан әрі - дара кәсіпкерлер) өнімге және (немесе) өнімге қойылатын талаптарға байланысты жобалау (іздестіруді қоса алғанда), өндіру, құрылыс, монтаждау, баптау, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату процестеріне (бұдан әрі - өнімнің өмірлік циклінің сатыларына) қатысты Одақтың техникалық регламенттерінде белгіленген міндетті талаптарды сақтауы мемлекеттік бақылауға (қадағалауға) жатады.