«Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің регламентін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 9 қарашадағы № 452 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 16 шілдедегі № 161 бұйрығы
«Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 65-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. «Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің регламентін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 9 қарашадағы № 452 (бұдан әрі - Регламент) бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің регламентінде:
5-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
«5. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің жұмыс режимі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен, «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің еңбек тәртіптемесі қағидаларымен реттеледі.»;
12, 13, 14, 15-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:
«12. Министрліктің алдағы жылға жұмыс жоспарын Министрлік құрылымдық бөлімшелерінің ұсыныстары негізінде СХЫД әзірлейді, вице-министрлер мен аппарат басшысымен келісіліп, 30 желтоқсанға дейін Министрдің бұйрығымен бекітіледі. Құрылымдық бөлімшелердің жұмыс жоспары олардың басшыларымен бекітіледі.
13. Министрліктің жұмыс жоспары Министрліктің негізгі көрсеткіштері мен міндеттеріне байланысты нақты іс-шараларды, қол жеткізуі және орындауы қажет міндеттерді, сондай-ақ орындалу мерзімдері мен жауапты құрылымдық бөлімшелерді қамтиды.
14. Министрліктің құрылымдық бөлімшелері, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері, Министрлік қарамағындағы ұйымдар мен мекемелер Министрлік жұмыс жоспарында көрсетілген шаралардың белгіленген мерзімдерде сапалы және уақтылы орындалуын қамтамасыз етеді. Министрлік құрылымдық бөлімшелерінің басшылары іс-шаралардың сапалы және уақтылы орындалуына дербес жауапты болады.