Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің «Пробация қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 15 тамыздағы № 511 және «Жазалаудың осы түріне сотталған адамдардың қоғамдық жұмыстарды орындауын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» 2017 жылғы 2 маусымдағы № 386 бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2025 жылғы 30 қыркүйектегі № 733 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Пробация қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 15 тамыздағы № 511 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9738 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 16-бабы 1-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:»;
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Пробация қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларында:
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«12. Пробация қызметі сот үкімі немесе қаулысы келіп түскен күнінен бастап:
1) он күнтізбелік күннен кешіктірмей қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаға сотталғанды шақырады;
2) сотталғанға жазаны өтеу, сондай-ақ жазаның өтелуін бақылау тәртібі мен шарттарын түсіндіреді;
3) сотталған адамды сот үкімін, қаулысын алғаны туралы хабарламамен және әкімдіктің қоғамдық жұмыстарды орындауды ұйымдастыру туралы өкімімен оларды алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде қолын қойғызып таныстырады;
4) жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын қоғамдық жұмыстардың орындалуын сотталған адамның қоғамдық жұмыстарды орындау орнына бару арқылы, оның ішінде техникалық мүмкіндік болған кезде олардың орындалуын ішінара тіркеп-белгілеу арқылы бақылайды;
5) әкімдіктен жұмыс істелген уақытты есепке алу табелі және орындалған жұмыстар актісін, сондай-ақ сотталған адамның мінез-құлқы туралы ақпаратты алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде онымен профилактикалық әңгімелесу жүргізеді.»;