Адамның жыныстық тиіспеушілігіне және жыныстық бостандығына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша сот практикасының кейбір мәселелері туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2026 жылғы 26 ақпандағы № 1 Нормативтік қаулысы
Адамның жыныстық тиіспеушілігіне және жыныстық бостандығына қарсы құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылық туралы заңнаманы дұрыс қолдану, біркелкі сот практикасын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді:
1. Зорлау деп әйел жынысты адаммен оның еркіне қарсы немесе оның еркінен тыс, жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, табиғи жолмен жасалған жыныстық қатынасты түсіну керек.
Аталған мән-жайларда әйел немесе еркек жынысты адамдарға қатысты жыныстық құмарлықты қанағаттандыру мақсатында табиғи емес нысанда жасалған әрекеттерді (еркек пен еркектің жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы және сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер) сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер деп есептеген жөн.
Сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жыныстық қатынас имитациясын жасаудан, басқа адамды үшінші тұлғамен сексуалдық сипаттағы қатынасқа түсуге мәжбүрлеуден, жәбірленуші жас баланы жалаңаштандырып, оның жыныстық мүшелеріне тиісуден және т.б. көрінуі мүмкін.
2. Адамның жыныстық тиіспеушілігіне және жыныстық бостандығына қарсы құқық бұзушылықтарды саралау үшін жәбірленушінің моральдық келбеті, әлеуметтік мәртебесі, мінез-құлқы, кінәлі адам мен жәбірленушінің бұрынғы өзара қарым-қатынастары, некеде тұруы немесе шын мәнінде бірге тұруы маңызды емес.