Осы редакция 2017 жылғы 29 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016.29.07. № 661 бұйрығымен стандартпен толықтырылды
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және әлеуметтік
даму министрінің міндетін
атқарушының
2015 жылғы 31 шілдедегі
№ 647 бұйрығына
5-1-қосымша
Фармацевтикалық мамандық бойынша бакалавриаттың мемлекеттік жалпыға
бірдей міндетті стандарты
1-бөлім. Жалпы ережелер
1. Осы 5В110300 - «Фармация» мамандығы бойынша бакалавриаттың мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарты (бұдан әрі - МЖМБС) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 175-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және меншік нысаны мен түріне қарамастан жоғары оқу орнында (бұдан әрі - ЖОО) білім алушылардың даярлық деңгейіне, білім беру мазмұнына, білім алушылардың оқу жүктемесінің барынша көлеміне қойылатын талаптарды белгілейді.
Осы МЖМБС-та мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) біліктілік сипаттамасы - денсаулық сақтау және әлеуметтік даму саласында кәсіби қызметті тиімді жүзеге асыру үшін қажетті білім, шеберлік және дағдылар;
2) біліктілік талаптары - денсаулық сақтау және әлеуметтік даму саласында кәсіби қызметті тиімді жүзеге асыру үшін қажетті білім, шеберлік және дағдылар;
3) дипломдық жұмыс (жоба) - студенттің тиісті саланың өзекті проблемаларының өз бетінше зерделеу нәтижелерін жинақтауы болып табылатын қорытынды жұмысы;
4) жеке оқу жоспары (бұдан әрі - ЖОЖ) - үлгілік оқу жоспары мен элективті пәндер каталогы негізінде эдвайзердің көмегімен студенттің әр оқу жылына арнап өзі құрастыратын оқу жоспары;
5) жоғарғы фармацевтикалық білім - тиісті мамандық бойынша біліктілік бере отырып, мамандар даярлауға бағытталған жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламасы;
6) кәсіптік құзыреттер - денсаулық сақтау жүйесіндегі кәсіби қызметті тиімді жүзеге асыру үшін қажетті білім, шеберлік және дағдылар;