«Соттардың жер заңдарын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 4-тармағына сәйкес азаматтардың жер учаскесіне тиісті құқықтарынан туындайтын құжаттар жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар болып табылады
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 29 маусымдағы № 3гп-507-16 қаулысынан үзінді
2016 жылғы 29 маусым 3гп-507-16 Талапкер А. жауапкерлер К.-ның, Н.-нің Қызылорда қаласының әкімдігіне, «Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына, Қызылорда қаласы әкімінің жанынан құрылған жариялық комиссияның 2007 жылғы 24 ақпандағы № 3649 шешімінің және 2007 жылғы 18 қазандағы сатып алу-сату шартының күшін жойып, Қызылорда қаласы «Арай» өңірінде орналасқан «Ардагерлер» бау-бақша серіктестігіндегі көлемі 825 шаршы метр жер учаскесін өз иелігіне қайтару, осы жер учаскесіне мемлекеттік жер кадастрын беруге «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі - «ЖерҒӨО» РМК) Қызылорда филиалын міндеттеу туралы талап арызбен сотқа жүгінген.
Қызылорда қалалық сотының 2015 жылғы 8 мамырдағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған. Сот шешімімен Қызылорда қаласы әкімінің жанынан құрылған жариялық комиссияның 2007 жылғы 24 ақпандағы № 3649 Н.-ға Қызылорда қаласы «Ардагерлер» бау- бақша серіктестігіндегі кадастрлық № 10-156-030-1202, реттік саны 63 мекенжайынан жер учаскесіне берілген жария ету шешімінің күші жойылып, 2007 жылғы 18 қазанда Н. мен К.-ның арасындағы кадастрлық № 10-156-030-1202, реттік саны 63 мекенжайындағы жер учаскесін сату- сатып алу шарты жарамсыз деп танылып, Қызылорда қаласы «Арай» өңірінде орналасқан «Ардагерлер» бау-бақша серіктестігіндегі көлемі 825 шаршы метр жер учаскесі талапкер А.-ның иелігіне қайтарылған.
Талап арыздың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.