Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының
Регламенті
(Регламентті Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты 1996 жылғы 8 ақпанда қабылдады)
(2007.26.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2007 жылғы 20 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
I БӨЛIМ
Жалпы ережелер
1 . Сенаттың Регламенті Сенат отырыстарын өткізу, оның органдарын құру мен олардың қызметін ұйымдастыру, сондай-ақ Сенат депутаттары мен лауазымды адамдардың өкілеттігін жүзеге асыру шарттары мен тәртібін белгілейді.
Сенат Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар Палата отырыстарында Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және Сенат қаулысымен ресімделеді.
2. Сенат отырыстары ашық жүргізіледі. Осы Регламентте көзделген жағдайларда Палата жабық отырыстар өткізуге құқылы.
3. Сенаттың ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен, басқа да заң актілерімен және осы Регламентпен белгіленеді.
4. Сенатта жұмыс қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Жалпы отырыстар, әдетте, мемлекеттік тілде өткізіледі.
II БӨЛIМ
Парламент Сенатының жалпы отырыстарын өткізу тәртібі
1-тарау. Парламент Сенатының жалпы отырыстары
5. Палатаның отырысын, әдетте, Палата депутаттарын отырыс өткізілерден жеті күн бұрын хабардар ете отырып, Сенат Төрағасы шақырады. Жекелеген жағдайларда Сенат Төрағасы Палата отырысын өзге мерзімдерде шақыра алады. Жоғарыда аталған мерзімдерде депутаттар қажетті материалдармен қамтамасыз етіледі.
Сенат отырыстары үзілістерімен қоса сағат 10-нан 18-ге дейін өткізіледі, бұл үзілістер жұмыстың әрбір екі сағаты сайын немесе отырыста төрағалық етушінің ұсынысы бойынша жарияланып отырады. Жалпы отырыстардағы үзіліс сағат 14-тен 16-ға дейін.
Сенат отырысты өткізудің өзге де уақыты туралы шешім қабылдай алады.
Қажет болған жағдайда, депутаттардың басқа мәселелер бойынша сөз сөйлеуі үшін жалпы отырыстың соңында 30 минөтке дейін уақыт бөлінеді.