Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Қоғамдық бақылау туралы
Қабылданды - ҚР 2023 жылғы 2 қазандағы № 30-VIII Заңын қараңыз
ҚР Заңының жобасы ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 10 қарашадағы № 800 Қаулысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді
Осы Заң Қазақстан Республикасында қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) қоғамдық бақылау - қоғамдық бақылау субъектілерінің осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен нысандарда жүзеге асырылатын, қоғамдық бақылау объектілерінің актілері мен шешімдерін талдауға және қоғамдық бақылауға, сондай-ақ ұсынымдар әзірлеуге бағытталған қызметі;
2) қоғамдық бақылау субъектілері - Қазақстан Республикасының азаматтары:
корпоративтік қорларды, діни бірлестіктерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген коммерциялық емес ұйымдар (бұдан әрі - коммерциялық емес ұйымдар);
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға құқық немесе өкілеттік берілген өзге де субъектілер;
3) қоғамдық бақылау объектілері - атқарушы мемлекеттік билік және жергілікті мемлекеттік басқару органдары, мекемелері;
мемлекеттік органдар болып табылмайтын мемлекеттік мекемелер;
құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар;
орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар.