Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 6-бабын қолдану жөніндегі сот практикасы туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы № 15 нормативтік қаулысы
(2020.11.12. берілген өзгерістермен)
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 6-бабын қолдану жөніндегі дұрыс және бірдей сот практикасын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етеді:
1. ҚК-нің 6-бабында белгіленген қылмыстық заңның кері күші Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі - Конституция) 77-бабы 3-тармағы 5) тармақшасының, сондай-ақ Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (Нью-Йорк, 1966 жылғы 16 желтоқсан, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы № 91-III Заңымен
ратификацияланған, Қазақстан Республикасы үшін 2006 жылғы 24 сәуірде күшіне енген) 15-бабының талаптарына негізделген.
Конституциялық талаптарға сәйкес жауапкершілікті белгілейтін немесе күшейтетін, азаматтарға жаңа міндеттемелер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейін ол үшін жауапкершілік заңмен алынып тасталса немесе жеңілдетілсе, жаңа заң қолданылады.
2. Соттардың ҚК-нің 6-бабын қолданған кезде іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын жоятын, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның жауаптылығын немесе жазасын жеңiлдететiн немесе жағдайын өзге де түрде жақсартатын заңның керi күшi бар екендігі туралы, яғни осындай заң қолданысқа енгізілгенге дейiн тиiстi іс-әрекетті жасаған адамдарға, оның iшiнде жазасын өтеп жүрген, сондай-ақ жазасын өтеген, бiрақ сотталғандығы бар адамдарға қолданылатындығы туралы талапты қатаң сақтағаны жөн. Іс-әрекеттің қылмыстылығын немесе жазаланушылығын белгiлейтiн, осы іс-әрекеттi жасаған адамның жауаптылығын немесе жазасын күшейтетiн, сондай-ақ жағдайын өзге де түрде нашарлататын заңның керi күшi болмайды.