Жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясы туралы
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 16 наурыздағы № 98 бұйрығы
(2018.27.08. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2023 жылғы 4 тамызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі 45-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) Осы бұйрыққа 1 қосымшаға сәйкес Жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясы туралы ереже;
2) Осы бұйрыққа 2 қосымшаға сәйкес Жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясының құрамы бекітілсін.
2. «Жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптаму комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрінің 2014 жылғы 3 қарашадағы № 94 бұйрығының күші жойылсын.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі қолданысқа енген күннен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Энергетика министрі | Қ. Бозымбаев |
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2018 жылғы 16 наурыздағы
№ 98 бұйрығына
1 - қосымша
Жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясы туралы
ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптама комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) жер қойнауын пайдалану құқығын және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерді беруге рұқсат беру туралы өтініштерді қарау кезінде, сондай-ақ «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі - Кодекс) 109-бабының 1 және 4-тармақтарында, 121-бабының 14-тармағында және 278-бабының 12-тармағында көзделген жағдайларда құзыретті органға ұсынымдарды әзірлеуді жүзеге асыратын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.