ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2024.09.02. № 33 бұйрығымен 2-2-қосымшамен толықтырылды (2024 ж. 12 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігі төрағасының
2017 жылғы 21 ақпандағы
№ 40 бұйрығына 2-2-қосымша
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2025 жылғы 8 желтоқсандағы № 196 бұйрығымен күші жойылды
Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді, мемлекеттік әкімшілік
лауазымдарға орналасуға үміткерлерді тестiлеуді ұйымдастыру,
бағдарламалары мен қағидалары
(2024.08.11. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік қызметшілерді және мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға үміткерлерді тестiлеу ұйымдастыру, бағдарламалары мен қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1) тармақшасына, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 5-бабының 2-тармағының 5) тармақшасына және 28-бабының 3 және 4-тармақтарына және мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшілерді және мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымдарға орналасуға үміткерлерді және құқық қорғау қызметіне кіретін азаматтарды тестілеу тәртібін, бағдарламаларын, тестілеуді ұйымдастыру тәртібін, сондай-ақ тестілеу нәтижелеріне шағым жасау тәртібін айқындайды.
2. Тестілеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді, мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға үміткерлерді және құқық қорғау қызметіне кіретін азаматтарды тестілеу рәсімдерін техникалық қамтамасыз ету бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасалған заңды тұлғаның қызметкері болып табылатын тестілеу операторының (бұдан әрі - оператор) қатысуымен өткізіледі.