ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 28 тамыздағы № ҚР ДСМ-8 бұйрығымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика
министрінің
2015 жылғы 27 қаңтардағы
№ 48 бұйрығымен бекітілген
«Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және
жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидалары
(2016.29.08. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Дезинфекция, дезинсекция мен дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі - Санитариялық қағидалар) дезинфекция, дезинсекция және дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды белгілейді.
2. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылды:
1) ағымдағы дезинфекция - науқас ауру ошағында болған кезде әрбір нозологиялық нысан үшін белгіленген жиілікпен жүргізілетін дезинфекция;
2) гнус - ашық табиғатта және елді мекендерде адамды шағатын және оның қанын соратын қансорғыш жәндіктердің - масалардың, соналардың, майда шыбындардың, есекқұрттардың, бәкене шыбындардың бірқатар түрлері;
3) далалық дезинсекция - адамдар болатын жерлерге қорғаныш аймақтарын құру және қансорғыш жәндіктер мен кенелердің санын азайту мақсатында елді мекен шегінде оларды жою;
4) далалық дератизация - адамдар үшін қауіпті аурулар эпизоотиясын болдырмау және кеміргіштердің санын азайту мақсатында оларды жою;
5) дезинфекция - инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жою жөніндегі шаралар кешені;
6) дезинфекциялық жабдық - дезинфекциялау, стерильдеу алдында тазарту, стерильдеу, дезинсекциялау және дератизациялау жүргізуге арналған аппараттар мен қондырғылар;
7) дезинфекциялық құралдар (бұдан әрі - дезқұралдар) - дезинфекциялау, стерильдеу алдында тазарту, стерильдеу, дезинсекциялау, дератизациялау жүргізуге арналған химиялық, биологиялық құралдар, сондай-ақ репелленттер;
8) дезинсекция - жәндіктер мен басқа да буынаяқтыларды жою бойынша іс-шаралар кешені;
9) дератизация - кеміргіштерді жою жөніндегі іс-шаралар кешені;