ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016.29.07. № 661 бұйрығымен стандартпен толықтырылды
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму
министрінің міндетін атқарушының
2015 жылғы 31 шілдедегі
№ 647 бұйрығына
5-3-қосымша
ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020.21.02. № ҚР ДСМ-12/2020 бұйрығымен күші жойылды
Фармацевтикалық мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті
стандарты
1. Бөлім. Жалпы ережелер
1. Осы фармацевтикалық мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарты (бұдан әрі - МЖМБС) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 175-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және фармацевтикалық мамандықтар бойынша білім алушылардың техникалық және кәсіптік білім берудің (бұдан әрі - ТжКБ) оқыту бағдарламаларының мазмұнына, білім беру құрылымы мен мазмұнына, дайындық деңгейін бағалауға қойылатын талаптарды белгілейді.
МЖМБС-нда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) базалық құзырет (бұдан әрі - БҚ) - өзін-өзі және жеке қызметін басқару қабілеттілігі, өзін-өзі ынталандыруға және өзін-өзі ұйымдастыруға бейімділігі;
2) біліктілік - алынған мамандық бойынша қызметтің белгілі бір түрін құзыретті орындауға даярлық деңгейі;
3) білім беру бағдарламасы - пәндер тізімі арқылы білім беру жүйесінің белгілі бір кезеңін білім беру мазмұнын анықтайтын құжат және оларды зерделеу мақсатын, оқу мерзімінің көлемін қамтиды;
4) кәсіби үлгілік оқу бағдарламасы (бұдан әрі - ҮОБ) - үлгілік оқу жоспарының нақты пәні бойынша меңгерілуге тиіс білім, іскерлік және дағдының мазмұны мен көлемін айқындайтын құжат;
5) кәсіби практика - кәсіптік білім беру және білікті техникалық және қызмет көрсету саласының қызметкерлерін жұмыс істеуге оқытудың тиімді нысанының білім беру процесінің ажырамас бөлігі;