«Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында медициналық куәландыру және қарап-тексеру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 5 маусымдағы № 324 бұйрығына және «Азаматтық авиацияда жолаушыларға медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 6 маусымдағы № 329 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 12 желтоқсандағы № 707 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында медициналық куәландыру және қарап-тексеру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 5 маусымдағы № 324 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15325 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында медициналық куәландыру және қарап - тексеру қағидаларында:
3-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
«3. Осы Қағидалар азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның, авиакомпанияның (пайдаланушылардың) және азаматтық авиация ұйымдарының лауазымды тұлғаларына, медициналық куәландыру мен қарауға қатысатын медициналық жұмыскерлерге, авиациялық персоналға, сондай-ақ міндетті медициналық куәландыруға және медициналық қарап-тексеруге жататын адамдар санатына қолданылады.»;
5, 6 және 7-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:
«5. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) авиация дәрігері - ұшулар қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар тұлғалардың кәсіби, сондай-ақ жүгінгенде әуежолаушылардың денсаулығын қамтамасыз ететін жоғары медициналық білімі және авиациялық медицина саласында даярлығы бар медицина маманы;
2) авиациялық медициналық орталық (бұдан әрі - АМО) - азаматтық авиация саласында медициналық куәландыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;