«Азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымды сертификаттау және оған сертификат беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 197 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 14 наурыздағы № 153 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымды сертификаттау және оған сертификат беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 197 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11722 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі ұйымды сертификаттау және сертификат беру Қағидаларында:
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымның сертификатын алу үшін өтініш беруші уәкілетті ұйымға «электрондық үкіметтің» веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсететін және жөндейтін ұйымның сертификатын алуға/тануға арналған өтінімді (бұдан әрі – өтінім), осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі ұйымның басшы құрамы туралы мәліметтерді осы Қағидаларға 3-1-қосымшаға сәйкес «Азаматтық авиацияның авиациялық техникасына техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымның сертификатын беру» мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) көзделген құжаттар топтамасымен бірге жібереді.