Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2026 жылғы 8 қазандағы
№ 355 бұйрығына 9 - қосымша
«Шитті мақта өсіру»
кәсіптік стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кәсіптік стандарттың қолдану аясы: «Шитті мақта өсіру» кәсіптік стандарты «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес әзірленген.
Кәсіптік стандарт жұмыскерлердің кәсіптік қызметтің белгілі бір түрін жүзеге асыруы, оның ішінде белгілі бір еңбек функцияларын орындауы үшін қажетті, сондай-ақ жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламаларын әзірлеуде біліктілік деңгейлерін айқындауға арналған.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) мақта өсімдігі - тоқыма өнімдерін өндіруге арналған шикізат болып табылатын мақта-шикізатын алу мақсатында өсірілетін ауыл шаруашылығының техникалық дақылы;
2) шитті мақта - мақта талшығы мен ажыратылмаған тұқымдардан тұратын жиналған мақта өнімі;
3) мақта талшығы - мақта-шикізатын бастапқы өңдеу кезінде талшықты тұқымнан ажырату арқылы алынатын өнім;
4) вегетациялық кезең - мақтаның көктеп шығуынан бастап толық пісіп-жетілуіне дейінгі даму кезеңі;
5) сүдігер жырту - мақта өсіруге қолайлы жағдай жасау мақсатында күзгі кезеңде жүргізілетін топырақты негізгі өңдеу тәсілі;
6) ғұзапая - өнім жиналғаннан кейін танапта қалатын мақта сабағы;
7) вилт - мақтаның солуына және өнімділігінің төмендеуіне әкелетін ауру;
8) дефолиация - мақтаны механикаландырылған тәсілмен жинау алдында жапырақтарын жасанды түрде түсіру мақсатында дефолианттармен өңдеу агротехникалық тәсілі;
9) шырпу - өсімдіктің өсуін реттеу және қауашақтардың пісуін жеделдету мақсатында негізгі сабақтың және өсу өркендерінің ұштарын алып тастау агротехникалық тәсілі;
10) топырақты мульчалау - топырақтың ылғалын сақтау, арамшөптердің өсуін тежеу және өсімдіктің даму жағдайларын жақсарту мақсатында топырақ бетін мульчалаушы материалдармен жабу агротехникалық тәсілі;