«Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 255 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 10 сәуірдегі № 128 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 255 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10871 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
аталған бұйрықпен бекітілген Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларында:
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Арнайы есепке алуды республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар, аудандық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері (бұдан әрі - ЖАО) жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезектілік тізімін (бұдан әрі - кезекте тұрғандардың тізімі) электрондық форматта жүргізу арқылы жүзеге асырады.
Кезекте тұрғандардың тізімі ЖАО-ның автоматтандырылған жұмыс орнында оның деректерін жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының цифрлық жүйесіне (бұдан әрі - ЖМБМК ЦЖ) интеграциялау жолымен азаматтардың өтініштерінің (өтінішхаттарының) арнайы есепке қойылуына қарай қалыптастырылады.»;
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«8. ЖАО «Қайтыс болған», «Тұрақты тұруға кеткен» мәртебелері бар кезекте тұрғандарды айқындау үшін интеграциялық өзара іс-қимыл арқылы «цифрлық үкіметтің» шлюзі/цифрлық үкіметтің сыртқы шлюзі арқылы «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорына сұраным жібереді.