Введите номер документа
Прайс-листВидеоинструкция

«Нархоз» Университетінің – Азаматтық заңнаманы жетілдіру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы мүшелерінің ұсыныстары (Құқықтық саясат тұжырымдамасының азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі жаңа жобасына және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің жаңа редакциясының жобасына қатысты)

Скачать в Word

Скачать документ в формате .docx

Информация о документе
«Нархоз» Университетінің – Азаматтық заңнаманы жетілдіру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы мүшелерінің ұсыныстары (Құқықтық саясат тұжырымдамасының азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі жаңа жобасына және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің жаңа редакциясының жобасына қатысты)
Датавторник, 14 июля 2026
Статус
Действующийвведен в действие с
Дата последнего изменениявторник, 14 июля 2026

Документ входит в комплект(ы):

Документы на государственном языке, Комментарии, Мастер, СтройМастер, Юрист-VIP

«Нархоз» Университетінің - Азаматтық заңнаманы жетілдіру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы мүшелерінің ұсыныстары

(Құқықтық саясат тұжырымдамасының азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі жаңа жобасына және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің жаңа редакциясының жобасына қатысты)

 

Азаматтық заңнаманы жетілдіру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының (ВЖТ) құрамына НАРХОЗ университетінен төмендегі өкілдер енгізілді:

• Фархад Карагусов - НАРХОЗ университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің директоры, Салыстырмалы құқықтың халықаралық академиясының (IACL) мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор;

• Айман Омарова - НАРХОЗ университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты;

• Айнур Қусаинова - НАРХОЗ университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің профессоры, құқық докторы (PhD);

• Мади Кенжалиев - НАРХОЗ университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің профессоры, құқық докторы (PhD).

 

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2026 жылғы 16 маусымдағы № 1-3-5-/2190-И «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасының «Азаматтық заңнаманы жетілдіру» бөліміне, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық кодексі» жобасына қатысты ұсыныстар беру туралы» хатына жауап ретінде төменде баяндалған ұсыныстарды жоғарыда аталған BЖТ мүшелері, НАРХОЗ университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің басқа профессорлары мен оқытушыларымен бірлесіп (бұдан әрі - Жұмыс тобы) * әзірледі.

[Жұмыс тобының құрамын: ВЖТ мүшелері Ф. Карагусов, А.Б. Омарова, А.К. Құсайынова, С.Р. Ермухаметова (профессор, заң ғылымдарының кандидаты) және М.З. Кенжалиев, сондай-ақ Мектептің профессорлары Г.Б. Мұқалдиева (профессор, заң ғылымдарының кандидаты), Е.С. Бычкова (профессор, құқық докторы (PhD)), заң ғылымдарының магистрі М.С. Тлеубаев және басқа да оқытушылар кіреді.]

 

I.

Біздің пайымдауымызша, мәселе Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің жекелеген баптары мен бөлімдеріне ішінара немесе іріктеп өзгерту, не азаматтық заңнаманың жекелеген институттарына «нүктелік» өзгерістер енгізу туралы емес. Керісінше, елімізде қалыптасқан жаңартылған конституциялық бағдарларды, экономиканы цифрландыруды, мүліктік айналымның күрделенуін, деректердің, цифрлық объектілер мен зияткерлік меншік объектілерінің маңызының артуын, жеке құқықтарды кедергісіз жүзеге асыру мен қорғаудың әлеуметтік-саяси рөлінің күшеюін, сондай-ақ меншік пен инвестицияларды қорғауды және корпоративтік қатынастардың тиімді қалыптасуы мен жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, Қазақстанның жеке құқығын одан әрі дамытудың тұжырымдамалық негіздері мен негізгі бағыттарын қайта қарау туралы болып отыр.

Сонымен қатар, қолданыстағы Азаматтық кодекстің өзге әлеуметтік-экономикалық және институционалдық жағдайларда, өзгеше мақсат-міндеттер негізінде, жоспарлы-бөлу жүйесінен нарықтық экономикаға және құқықтық демократиялық мемлекетке көшу кезеңінде әзірленгенін ескермеуге болмайды. Соның салдарынан Кодексте кеңестік құқықтан мұраға қалған, сондай-ақ аталған өтпелі кезеңде қалыптасқан бірқатар құқықтық конструкциялар сақталып қалды. Оларды заңнамалық тұрғыдан бекіту өз кезеңінде объективті түрде негізді болғанымен, қазіргі уақытта олар азаматтық айналымның, цифрлық экономиканың даму деңгейі мен сапасына, олардың болашақтағы даму перспективаларына, сондай-ақ жеке адамның құқықтары мен меншік құқығын конституциялық тұрғыдан қазіргі заманғы түсінуге толық сәйкес келмейді.

Өткен онжылдықтар ішінде азаматтық айналымның нақты жағдайы да, жеке құқықтық реттеудің құрылымы да өзгерді. Корпоративтік қатынастардың және экономикалық қызметті жүзеге асыру кезінде корпоративтік басқаруды қолдану аясы айтарлықтай кеңейді; азаматтық айналымдағы материалдық емес активтердің, құжатсыз бағалы қағаздардың және қаржы нарықтарының басқа да құралдарының, цифрлық объектілердің, деректердің (және жеке алғанда цифрлық деректердің), жасанды интеллектінің үлесі барған сайын маңызды бола түсуде; трансшекаралық мәмілелердің саны артып, сапасы өзгеруде; платформалық өзара іс-қимыл модельдерін, сондай-ақ ерік білдірудің жаңа нысандары мен тәсілдерін пайдаланудың мәні артып келеді. Іскерлік практикаға және дауларды шешу практикасына жалпы құқық жүйесінде қолданылатын тәсілдердің енуі де барған сайын айқын көрініс табуда.

Осындай жағдайларда азаматтық заңнаманы одан әрі жаңғыртуды (модернизация) жекелеген (фрагменттік) түзетулер енгізу арқылы жүзеге асыру мүмкін емес, өйткені мұндай практика сөзсіз жаңа ішкі қайшылықтарды туындатады және Азаматтық кодекстің жеке құқықтың тұтас әрі жүйе құраушы актісі ретіндегі рөлін әлсіретеді.

Азаматтық заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс аясында, Жұмыс тобы мынандай маңызды қағидатты ұстанымдар мен ұсыныстарды тұжырымдайды:

(i) азаматтық заңнаманы жаңғырту(модернизациялау) қажеттілігі айқын;

(ii) азаматтық заңнаманы жаңғырту(модернизациялау) жүйелі және кешенді болуы тиіс, сондықтан ол толық қайта кодификациялануы (рекодификациялануы) керек;

(iii) Қазақстанның азаматтық құқығын рекодификациялау Конституцияда бекітілген құндылықтарға ғана емес, сондай-ақ ұлттық құқықтық жүйенің ішкі және трансшекаралық әлеуметтік-экономикалық қатынастарды тиімді реттейтін тетік ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған стратегиялық бағдарларға негізделуге тиіс. Бұл, ең алдымен, мүліктік айналымның тұрақтылығын қамтамасыз етуге, жеке құқықтың іргелі қағидаттары мен құқықтық тұжырымдамаларының сабақтастығын сақтауға, сондай-ақ Қазақстанның құқықтық жүйесінің халықаралық деңгейде прогрессивті құқықтық идеялардың қайнар көзі әрі үлгісі ретінде танылуына ықпал етуге бағытталуға тиіс;

(iv) ұсынылып отырған рекодификациялау (заңнаманы осындай ауқымда жүйелі жаңғыртудың кез келген түрі сияқты), мұқият әзірленген әрі мазмұны нақты айқындалған рекодификациялау тұжырымдамасына негізделуге тиіс. Мұндай жүйелі рекодификациялаудың бастапқы кезеңдері ретінде Азаматтық кодексті кеңестік құқықтың сарқыншақтарынан түбегейлі арылту (десоветизациялау) және шет мемлекеттердің ұлттық жеке құқық жүйелерін дамыту тәжірибесін терең әрі жан-жақты зерделеу жүзеге асырылуға тиіс;

(v) Азаматтық кодекс те, оны әзірлеудің тұжырымдамасы да (бұл ретте - Қазақстанның азаматтық құқығын рекодификациялау тұжырымдамасы) жеке құқық және халықаралық жеке құқық салаларында маманданған, ғылыми және салыстырмалы-құқықтық зерттеулер жүргізуде, сараптамалық және заң жобалау қызметінде, халықаралық ынтымақтастықты дамытуда, сондай-ақ экономикалық дауларды қарау және шешу саласында елеулі тәжірибесі бар беделді қазақстандық цивилист-ғалымдардың қатысуымен әзірленуге тиіс;

(vi) ұсынылып отырған рекодификациялауды табысты жүзеге асырудың негізгі шарттарының бірі - оған мемлекеттің ең жоғары саяси деңгейде жан-жақты қолдау көрсетуі.

(vii) Қазақстанның жаңа Азаматтық кодексінің түп нұсқалық мәтіні мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде әзірленуге тиіс.

 

II.

1. Жоғарыда баяндалғандарды негізге ала отырып, жалпы әдіснамалық ұстаным ретінде Қазақстанның азаматтық заңнамасын ғылыми негізделген, дәйекті, жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын рекодификациялау (қайта кодификациялау) идеясын басшылыққа алу қажет деп есептейміз.

Осы тұрғыда рекодификация деп, қолданыстағы Азаматтық кодексті «таза парақтан» әзірленген жаңа актімен механикалық түрде алмастыруды немесе азаматтық-құқықтық реттеудің қол жеткізілген деңгейі мен сапасынан бас тартуды түсінуге болмайды. Керісінше, рекодификация қолданыстағы Азаматтық кодекстің өзінің өміршеңдігін дәлелдеген барлық құқықтық институттарын сақтап қалуды, оларды жүйелі түрде жаңғыртуды және өзара үйлестіруді, кеңестік құқық пен 1990-жылдардағы өтпелі кезеңге тән құқықтық конструкциялардан түпкілікті бас тартуды, азаматтық заңнаманы жеке құқықтық қатынастарға мемлекеттің шамадан тыс жария-құқықтық араласуына мүмкіндік беретін құқықтық конструкциялардан арылтуды, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективаға арналған, ішкі жағынан тұтас әрі өзара келісілген жеке құқық актісін қалыптастыруды көздеуге тиіс.

Біздің пікірімізше, мұндай тәсіл Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор М.К. Сулейменов қалыптастырған және осы ғылыми мектептің көптеген өкілдерінің еңбектерінде одан әрі дамытылған қазақстандық беделді цивилистика мектебінің әдіснамасына сәйкес келеді. Біз үшін Жұмыс тобының осы ғылыми мектепті мойындайтынын және өзін осы ғылыми мектептің ғылыми дәстүрінің жалғастырушысы ретінде қарастыратынын ерекше атап өту маңызды.

Біз азаматтық заңнаманы жаңғырту жөніндегі жұмысты Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор М.К. Сүлейменовпен тығыз байланыста одан әрі жалғастыру қажеттігін негізге аламыз. Мұндай ынтымақтастық құқықтық идеялардың, цивилистикалық әдіснаманың және жеке құқықтың кодификацияланған актілерін әзірлеу дәстүрлерінің сабақтастығын қамтамасыз ету үшін ғана емес, сондай-ақ демократиялық құқықтық мемлекет пен ашық қоғамның даму перспективаларына сай келетін ұлттық жеке құқықтың жаңа кодификациясын қалыптастыру үшін де қажет.

2. Сонымен қатар, біздің пайымдауымызша, ұсынылып отырған қайта кодификациялау жазбаша құқық дәстүрлері мен батыс еуропалық кодификациялардың сабақтастығын сақтай отырып жүзеге асырылуға тиіс.

Жұмыс тобы қолданыстағы Азаматтық кодекстің өміршеңдігін дәлелдеген институттарының сабақтастығын сақтай отырып, оларды жүйелі түрде жаңғырту және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің мазмұнын Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің азаматтық кодекстерімен барынша үйлестіру орынды деп есептейді. Бұл мақсатқа азаматтық заңнаманың негізгі бастаулары мен қағидаттары туралы нормаларды одан әрі дамыту, құқық субъектілері туралы ережелерді, мүлік пен меншік құқығының құқықтық тұжырымдамаларын түбегейлі қайта қарау, заттық құқықтар туралы ережелерді, сондай-ақ міндеттемелік және шарттық құқықтың жалпы ережелерін жетілдіру, халықаралық жеке құқық бөлімін жаңғырту арқылы қол жеткізілуге тиіс. Бұл ретте халықаралық жеке құқықтың қазіргі заманғы коллизиялық байланыстары трансшекаралық экономикалық және гуманитарлық қатынастардың жинақталған тәжірибесін, олардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ жаһандық құқықтық даму үрдістерін ескере отырып айқындалуға тиіс. Азаматтық құқық объектілері, мәмілелер және өкілдік институттарын реттейтін нормаларды жаңарту да ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл жұмыс, ең алдымен, цифрлық технологиялардың дамуын, азаматтық айналымды цифрландыру үдерістерін және жасанды интеллектіні қолдануды ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс. Жақында қабылданған Цифрлық кодекстің ережелерінің елеулі бөлігі оларды ғылыми тұрғыдан одан әрі зерделеу және қажет болған жағдайда нақтылау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының жаңартылған Азаматтық кодексіне енгізілуге тиіс.

3. Біз ғылыми және заң шығару қызметімізде қазіргі таңда егемен мемлекеттер болып табылатын бұрынғы кеңестік республикалардың жеке құқық саласындағы заманауи кодификациялау тәжірибесін де ескереміз.

Біз үшін (ұсынылып отырған рекодификацияның мақсаттары тұрғысынан да) бастапқы кезден-ақ неміс кодификациясының (Германияның Азаматтық ережесінің (уложение) (Bürgerliches Gesetzbuch - BGB) қағидаттары негізінде әзірленген Эстония мен Грузияның қолданыстағы Азаматтық кодекстері ерекше қызығушылық тудырады.

Сонымен қатар, Түрікменстандағы азаматтық-құқықтық реттеу тәжірибесі де біз үшін айрықша маңызға ие. Атап айтқанда, 1998 жылы қабылданған Түрікменстанның Азаматтық кодексі өзінің құрылымы мен мазмұны жағынан Грузияның Азаматтық кодексіне елеулі түрде жақын болды, ал 2025 жылы қабылданған Түрікменстанның жаңа Азаматтық кодексі де Грузин азаматтық заңнамасының үлгілік тәсілдерін ескере отырып әзірленген.

Біз сондай-ақ мемлекет басшысының бастамасымен 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан Өзбекстанның жаңа Азаматтық кодексін әзірлеу және қабылдау үдерісін үлкен қызығушылықпен зерделеп, осы тәжірибеден Қазақстанның азаматтық заңнамасын жетілдіру үшін қажетті қорытындылар жасауға ұмтыламыз.

Біз үшін жүйелі рекодификацияның үлгілері ретінде Молдова мен Украинаның азаматтық заңнамасын дамыту тәжірибесі ерекше ғылыми қызығушылық тудырады. Мәселен, Молдовада Азаматтық кодекс 2002 жылы қабылданып, ол ТМД-ның Модельдік Азаматтық кодексіне емес, қазіргі заманғы еуропалық азаматтық кодекстердің даму үрдістеріне бағдарланды. Алайда 2018 жылы Молдованың жаңа Азаматтық кодексі қабылданды, өйткені еуропалық жеке құқықтың негізгі институттарын одан әрі жүйелі дамыту мен реформалау қажеттілігі 2002 жылғы Азаматтық кодекстің тұжырымдамалық негіздерін қайта қарауды талап етті.

Өз кезегінде, Украинаның жеке құқығын жүйелі рекодификациялау жөніндегі жұмыс 2019 жылы басталды. Оның тұжырымдамасын әзірлеу COVID-19 пандемиясы кезеңінде жүзеге асырылды, ал жаңа Азаматтық кодекстің жобасы осы кезеңде де үздіксіз дайындалды. Қазіргі уақытта жаңа Азаматтық кодекс жобасының барлық тоғыз кітабы Украинаның Жоғарғы Радасының қарауына енгізілді.

Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу барысында жалпы құқық (common law) жүйесінің жекелеген институттарын ұлттық азаматтық құқық жүйесіне енгізу мүмкіндіктеріне, атап айтқанда құқықтық максималар институтын пайдалану, жеке және жария мүліктің құқықтық режимдері, шарттық және шарттан тыс міндеттемелерді реттеу салаларына ерекше назар аударылатын болады. Сонымен қатар «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) құқығының қалыптасуы мен даму тәжірибесі зерделенетін болады.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта ұлттық құқықтық жүйеміздің дамуымен байланысты іс жүзіндегі барлық үдерістерде Батыс елдерінің құқықтық жүйелерінен (герман, француз, ағылшын құқығы және өзге де құқықтық тәртіптерден) құқықтық идеяларды, тұжырымдамалар мен құқықтық конструкцияларды қабылдап, оларды ұлттық құқық жүйесіне бейімдеп пайдаланып отырғанымызға назар аударамыз. Бұл ретте біз өз тарихи-құқықтық дәстүрлерімізді де естен шығармаймыз. Қатал табиғи жағдайларда Қазақ даласында қалыптасқан көшпелі жылқы шаруашылығы өркениеті, сондай-ақ адамзат тарихындағы маңызды сауда және дипломатиялық жолдардың тоғысқан кеңістігі ретінде осы өңірде адамдардың, халықтар мен мәдениеттердің өзара тиімді байланысу нысандары мен тәсілдерінің қалыптасуына ықпал етті. Осыған байланысты бүгінгі күні де жеке құқықтың дамуы барысында халықтың қажеттіліктері негізінде қалыптасқан әрі халық мүддесіне қызмет еткен қазақтың әдет-ғұрып құқығының (customary law of Kazakhs) мазмұны мен құқықтық мәнінен тиісті қорытындылар жасауға болады.

Мәселен, адатта иелену меншік құқығының дербес өкілеттігі немесе кеңестік құқықтағы меншік құқығы құрылымының құрамдас өкілеттігі ретінде емес, құқықтық маңызы бар нақты жағдай (факт) ретінде қарастырылғанын еске алуға болады. Сондай-ақ мемлекеттік аппаратты ұстауға емес, қоғамдық өмірдің ортақ қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, қонақжайлылық пен өзара жәрдемдесу дәстүрлерін сақтауға арналған жария меншік (ортақ мүлік) институты болған.

Демек, бүгінгі таңда Батыс құқықтық жүйелерінен қабылдауға ұмтылып отырған көптеген құқықтық институттар осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын-ақ халқымыздың дәстүрлі құқықтық мәдениетінде қалыптасқан әрі дамыған әлеуметтік-құқықтық институттар болған. Бұл мән-жай Қазақстанның ұлттық құқықтық жүйесін одан әрі дамыту жолында отандық ғалымдар мен мемлекеттік институттардың күш-жігерін біріктіру үшін маңызды рухани және құндылықтық негіз бола алады деп есептейміз.

4. Ұсынылып отырған қайта кодификацияға (рекодификацияға) байланысты жеке құқықтық реттеудің сабақтастығын қамтамасыз етудің маңыздылығын ерекше атап өтеміз.

Жаңа кодекс қолданыстағы Азаматтық кодексте бекітілген және өзге де құқықтық актілерде көрініс тапқан азаматтық заңнаманың іргелі бастауларын одан әрі дамытуға бағытталуға тиіс. Ол ешбір жағдайда азаматтық айналымды реттеудің түбегейлі жаңа қағидаттарына негізделе отырып, қалыптасқан меншік қатынастарын, шарттық қатынастарды және өзге де жеке-құқықтық қатынастарды «таза парақтан» қайта құрудың немесе қайта қараудың құралы ретінде қарастырылмауға тиіс.

Біз, бір жағынан, ұзақ мерзімді қолдануға арналған, халықаралық деңгейде түсініктілікті, болжамдылықты, тұрақтылық пен бірізділікті, сондай-ақ ұлттық құқықтық тәртіп пен мемлекеттіліктің (ordre public) мәнін айқын түсінуді қамтамасыз ететін ұлттық құқықтың іргелі ережелері мен, екінші жағынан, рәсімдік сипаттағы құқық нормаларының арасындағы елеулі айырмашылықты анық түсінеміз. Мұндай рәсімдік нормалар, егер олар орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге, ұлттық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, ұлттық құқықтық жүйеге және мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтуға кері әсер ететін болса, аталған іргелі ережелердің мазмұнын өзгертуге негіз бола алмайды. Сонымен қатар, жаңа Азаматтық кодекстің нормалары қандай да бір жағдайда кері күшке ие болмауға тиіс.

Жаңа Азаматтық кодекстің мақсаты азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыруға, олардың мүліктік және жеке құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталуға тиіс. Ол қолданыстағы заңнамада бекітілген құндылықтар мен қағидаттарға негізделе отырып, жеке-құқықтық қатынастарды реттеудің қалыптасқан жүйесін сабақтастықпен дамытатын және жетілдіретін құқықтық акті болуға тиіс.

Сонымен қатар, еліміз бен қоғамның одан әрі дамуы тұжырымдамалық тұрғыдан әлі де «өтпелі кезеңнің кодексі» болып табылатын Азаматтық кодекске тәуелді болмауға тиіс екенін тағы да атап көрсетеміз. Бұл - ТМД елдеріне арналған Модельдік Азаматтық кодексті әзірлеушілердің өздері атап көрсеткендей, жоспарлы-бөлу шаруашылығы жүйесінен нарықтық экономикаға көшу кезеңінің құқықтық негіздерін қалыптастырған кодекс. Азаматтық кодекстің әрбір нормасы мен әрбір институтының қалыптасу тарихы және мазмұны оларды одан әрі сақтау, жаңғырту және дамыту қажеттігін немесе, керісінше, олардан бас тартудың орындылығын айқындау мақсатында мұқият талдануға тиіс.

5. Азаматтық кодексті де, оның тұжырымдамасын да цивилист ғалымдар әзірлеуге тиіс деген тезисімізге жеке тоқталуды жөн санаймыз.

Бұл тіпті дәстүр де емес, кез келген өзгеше көзқарасты жоққа шығаратын қатаң ереже болып табылады. Бұл ереже бір ғасырдан астам уақыт бойы өз күшін сақтап қана қоймай, сонымен бірге қазіргі заманғы ондаған, соның ішінде экономикалық тұрғыдан дамыған демократиялық мемлекеттердің азаматтық кодекстерінің үлгісіне айналған Француз азаматтық кодексін (Наполеон кодексі) және Герман Азаматтық Ережесін (Уложение) әзірлеу кезінде де қолданылды.

Еуропалық Одақтың жеке құқығы қазіргі уақытта да оның саяси институттарының қолдауымен ғалым-цивилистердің күш-жігері арқасында дамып келеді. Мысалы, 2000 жылы Еуропаның түрлі мемлекеттерінің ғалымдары дайындаған «Towards a European Civil Code» атты монография жарық көрсе, ал 2009 жылы келісілген доктриналық ұстанымдарды ескере отырып, еуропалық заңгер-ғалымдардың бірлескен күш-жігерімен жасалған Еуропалық жеке құқықтың үлгілік ережелері (DCFR) басылып шықты.

Бұл ТМД-ның Үлгілік азаматтық кодексін, қолданыстағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін, сондай-ақ барлық посткеңестік мемлекеттердің (соның ішінде бұрынғы КСРО құрамында болған, Шығыс Еуропа республикаларының, Ресей Федерациясының, Балтық жағалауы, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия мемлекеттерінің) азаматтық кодекстерін әзірлеу кезінде де ереже болған (және көбінесе солай болып қала береді).

Ғалымдарда кодификациялау жұмыстарын жүзеге асыру үшін қажетті ғылыми құзыреттер мен практикалық тәжірибе, кең ғылыми дүниетанымы, бейтараптық пен объективтілік, сондай-ақ ғылыми ынтымақтастық орнату және осындай жоғары зияткерлік нәтижелерді бірлесіп әзірлеу дағдылары бар.

6. Сонымен қатар, біз азаматтық заңнаманы жаңғырту тек академиялық жоба ретінде ғана қарастырылмауға тиіс екенін толық түсінеміз.

Ол Әділет министрлігімен, Жоғарғы Сотпен, Ұлттық Банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен, сондай-ақ кәсіпкерлік және кәсіби заңгерлік қоғамдастық өкілдерімен тығыз әрі сындарлы ынтымақтастық негізінде жүзеге асырылуға тиіс. Тек ғылыми әдіснаманы, мемлекеттік институционалдық қамтамасыз етуді және практикалық тәжірибені осылайша үйлестіру арқылы ғана декларативті сипаттағы емес, іс жүзінде тиімді қолданылатын, ұзақ мерзімді қолдануға арналған әрі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құқықтық саясатының міндеттерімен үйлесетін тұрақты кодексті әзірлеуге болады.

Сонымен қатар, рекодификацияның табысты жүзеге асырылуының тағы бір маңызды шарты - жаңа Азаматтық кодексті (сондай-ақ оның тұжырымдамасын) әзірлеу жөніндегі қазақстандық заңгерлердің жұмысы (алайда мемлекеттік аппараттың және заң шығару қызметі саласында «коммерсант» ретінде түрлі заң жобаларын әзірлейтін мердігерлердің емес) саяси шешімдер қабылдаудың ең жоғары деңгейінде бастамашылық етіліп, сол деңгейде ілгерілетілуі болып табылады.

Тарихи тәжірибе жеке құқықты кодификациялаудың табысы, әдетте, мемлекет басшысының немесе жоғары мемлекеттік билік органдарының тікелей қолдауымен байланысты болатынын көрсетеді. Мұны әлемдегі азаматтық кодекстердің қабылдану тарихы айқын дәлелдейді. Бұған ғасырдан астам уақыт бойы қолданыста болып келе жатқан Францияның Азаматтық кодексі (Наполеон кодексі) мен Германияның Азаматтық Ережесі (Уложение), сондай-ақ адамзат тарихындағы көптеген өзге де кодификациялар, соның ішінде КСРО-дағы азаматтық-құқықтық кодификациялар, Қазақстан Республикасының қолданыстағы Азаматтық кодексінің әзірленуі және басқа да көптеген мысалдар дәлел бола алады.

Осындай қолдау цивилист-ғалымдардың кодификациялау процесіне тиісті деңгейде қатысуын, оларды негізсіз әкімшілік араласудан қорғауды, мемлекеттік аппарат тарапынан қажетті ұйымдастырушылық қолдау көрсетілуін, сондай-ақ әзірленген кодекстің қабылданып, оның құқық қолдану практикасында тиімді іске асырылуын қамтамасыз етеді.

7. Кодификацияның тілі мен заң техникасы мәселесі ерекше назар аударуға лайық.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері отандық құқық шығармашылығының ең тұрақты әрі бүгінгі күнге дейін толық шешімін таппаған мәселелерінің бірі - нормативтік құқықтық актілердің тұжырымдамалық мәтінінің іс жүзінде орыс тілінде әзірленіп, ал қазақ тіліндегі мәтіннің соның негізінде жасалған аударма ретінде қалыптасу тәжірибесі болып отыр. Кәдімгі нормативтік құқықтық актінің өзіне қатысты мұндай тәжірибе құқық қолдану барысында елеулі қиындықтар туғызады, ұлттық құқық жүйесінің дамуына және оның халықаралық деңгейдегі беделі мен маңызын тануға кері әсерін тигізеді.

Добавить в список основных источников в Google

Укажите название закладки
Создать новую папку
Закладка уже существует
В выбранной папке уже существует закладка на этот фрагмент. Если вы хотите создать новую закладку, выберите другую папку.
Режим открытия документов

Укажите удобный вам способ открытия документов по ссылке

Включить или выключить функцию Вы сможете в меню работы с документом

Доступ ограничен
Чтобы воспользоваться этой функцией, пожалуйста, войдите под своим аккаунтом.
Если у вас нет аккаунта, зарегистрируйтесь
Обратная связь

Уважаемый пользователь! Мы стремимся постоянно улучшать качество наших услуг. Пожалуйста, поделитесь своими предложениями — Ваше участие поможет нам стать ещё удобнее и эффективнее для Вас!