ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016.29.07. № 661 бұйрығымен стандартпен толықтырылды
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму
министрінің міндетін
атқарушының 2015 жылғы 31 шілдедегі
№ 647 бұйрығына 5-2-қосымша
ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020.21.02. № ҚР ДСМ-12/2020 бұйрығымен күші жойылды
Медициналық мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға бірдей
міндетті стандарты
1-бөлім. Жалпы ережелер
1. Осы медициналық мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарты (бұдан әрі - МЖМБС) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 175-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және медициналық мамандықтар бойынша білім алушылардың техникалық және кәсіптік білім берудің (бұдан әрі - ТжКБ) оқыту бағдарламаларының мазмұнына, білім беру құрылымы мен мазмұнына, дайындық деңгейін бағалауға қойылатын талаптарды белгілейді.
МЖМБС-нда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) базалық құзырет (бұдан әрі - БҚ) - өзін-өзі және жеке қызметін басқару қабілеттілігі, өзін-өзі ынталандыруға және өзін-өзі ұйымдастыруға бейімділігі;
2) біліктілік - алынған мамандық бойынша қызметтің белгілі бір түрін құзыретті орындауға даярлық деңгейі;
3) білім беру бағдарламасы - пәндер тізімі арқылы білім беру жүйесінің белгілі бір кезеңін білім беру мазмұнын анықтайтын құжат және оларды зерделеу мақсатын, оқу мерзімінің көлемін қамтиды;
4) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары (бұдан әрі - білім беру ұйымдары) - денсаулық сақтау жүйесі үшін кәсіптік ғылыми-педагогикалық, медициналық және фармацевтикалық кадрлар даярлауды, біліктілігін арттыру мен қайта даярлауды іске асыратын білім беру ұйымы;