Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Гвинея-Бисау Республикасының Үкіметі арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы
келісім
(Астана қ., 2024 жыл 18 желтоқсан)
ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 23 сәуірдегі № 258 Қаулысымен бекітілді
2025 жылғы 12 қазанда күшіне енді
Бұдан әрі жеке-жеке Тарап және бірге Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Гвинея-Бисау Республикасының Үкіметі
екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ұмтыла отырып,
Қазақстан Республикасы мен Гвинея-Бисау Республикасының азаматтары - жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттар иелерінің екі мемлекет арасындағы өзара сапарларын жеңілдетуді қалай отырып,
өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес әрекет ете отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары - жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына алғаш келген күннен бастап күнтізбелік 180 (жүз сексен) күн ішінде жиыны күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімге визасыз көп мәрте келе алады, транзитпен өте алады және бола алады.
2-бап
Екінші Тарап мемлекетінің аумағында дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің қызметкерлері ретінде қызметтік іссапарда жүрген Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары - жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері - жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына өздері аккредиттелген кезеңге визасыз келе алады, онда бола алады және одан кете алады.
3-бап
Тараптардың әрқайсысының мемлекеттері азаматтарының дипломатиялық және қызметтік паспорттары екінші Тарап мемлекетінің аумағына келген күннен бастап кемінде 6 (алты) айға жарамды болуға тиіс.
4-бап
1. Тараптардың бірі мемлекетінің азаматтары - жарамды дипломатиялық және қызметтік паспорттар иелерінің екінші Тарап мемлекетінің аумағына кіруі, транзитпен өтуі және шығуы халықаралық қатынас үшін ашылған ресми көші-қон өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады.