Осы редакция 2017 жылғы 13 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Ақмола облысы әкімдігінің
2015 жылғы 15 қыркүйектегі
№ А-9/435 қаулысымен
бекітілді
«Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекiту»
мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламенті
1. Жалпы ережелер
1. «Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекiту» мемлекеттік көрсетілетін қызмет (бұдан әрі - мемлекеттік көрсетілетін қызмет) облыстың жер қатынастары басқармасымен, аудандардың, Көкшетау, Степногорск қалаларының жер қатынастары бөлімдерімен (бұдан әрі - көрсетілетін қызметті беруші) көрсетіледі.
Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерін беру:
1) көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі арқылы;
2) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің «Халыққа қызмет көрсету орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі - ХҚКО);
3) «электрондық үкімет» www.egov.kz веб-порталы (бұдан әрі - Портал) арқылы жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны: электрондық (ішінара автоматтандырылған) және (немесе) қағаз түрінде.
3. Мемлекеттiк қызметті көрсету нәтижесі - бекітілген жер учаскесін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобасы (бұдан әрі - бұйрық).
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру нысаны: электрондық түрінде.
2. Мемлекеттік қызмет көрсету процесінде көрсетілетін қызметті
берушінің құрылымдық бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) іс-қимыл тәртібін сипаттау
4. Көрсетілетін қызметті алушымен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 272 бұйрығымен бекітілген «Жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекiту» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының (бұдан әрі - Стандарт) 9-тармағында қарастырылған құжаттарды ұсыну, мемлекеттік қызмет көрсету бойынша рәсімді (іс-қимыл) бастау үшін негіз болып табылады.