«Кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 12 мамырдағы № 63 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 2024 жылғы 18 наурыздағы № 11 бұйрығы
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 2024 жылғы 13 маусымдағы № 33 бұйрығымен күші жойылды
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 12 мамырдағы № 63 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32489 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Осы Өлшемшарттарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) тәуекел - салдарының ауырлық дәрежесін ескере отырып, бақылау субъектісінің қызметі нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтіру ықтималдығы;
2) тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесі - бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды кейіннен жүзеге асыру үшін бақылау субъектілерін (объектілерін) тәуекел дәрежелері бойынша бөлу арқылы қолайсыз факторлардың туындау ықтималдығын азайтуға бағытталған басқарушылық шешімдерді қабылдау процесі;
3) тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары - бақылау субъектісінің тікелей қызметімен, салалық даму ерекшеліктерімен және осы дамуға әсер ететін факторлармен байланысты, бақылау субъектілерін (объектілерін) тәуекелдің әртүрлі дәрежелеріне жатқызуға мүмкіндік беретін сандық және сапалық көрсеткіштердің жиынтығы;