Осы редакция 2023 жылғы 19 маусымда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрінің
2020 жылғы 1 қазандағы
№ 301 бұйрығына
11-қосымша
«Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық дерегімен жобаланып отырған жер учаскесін келісу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы «Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық дерегімен жобаланып отырған жер учаскесін келісу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және «Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық дерегімен жобаланып отырған жер учаскесін келісу» мемлекеттік қызметін (бұдан әрі - мемлекеттік қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жеке кабинет - «электрондық үкіметтің» веб-порталындағы пайдаланушының кабинеті;
2) мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі - МЖК ААЖ) - мемлекеттік жер кадастрын жүргізуге арналған, жер учаскесінің сандық және сапалық сипаттамаларын, оның ішінде оның шекаралары туралы, сондай-ақ жер учаскелерінің иелері мен жер пайдаланушылар туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйе;
3) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты - мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын, мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, қызмет көрсету процесінің сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ өзге де мәліметтерді қамтитын негізгі талаптар тізбесі;