«Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай ризық, жәрдемақы мен басқа да төлем төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 2 маусымдағы № 255 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2026 жылғы 11 шілдедегі № 769 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай ризық, жәрдемақы мен басқа да төлем төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 2 маусымдағы № 255 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15313 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне ақшалай ризық, жәрдемақы мен басқа да төлем төлеу қағидаларында:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабы 5-тармағының 6), 8) және 9) тармақшаларында көзделген жағдайда әскери қызметші әскери қызметте дәлелсіз себеппен болмаған, әскери емес лауазымда әскери қызмет өткерген жағдайда оған, қамауда болған уақытта сотталған әскери қызметшіге ақшалай ризық командирдің (бастықтың) бұйрығы негізінде әскери қызмет міндеттерін нақты орындау күніне пропорционалды түрде төленеді. Бұйрықта әскери қызметте нақты болмаған күн көрсетіледі. Ақшалай ризықты пропорционалды есептеу үшін бір айдағы күнтізбелік күн қолданылады.»;
4-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Ақшалай ризықты төлеу кезінде әскери қызметші тиісті кезең үшін оған тиесілі ақшалай ризықтың құрамдас бөліктері, жүргізілген ұстап қалудың мөлшері мен негіздері туралы, сондай-ақ төленуге тиіс жалпы ақша сомасы туралы қағаз түрінде немесе электрондық нысанда ай сайын хабардар етіледі.»;