Сертификаттау және үлгі сертификатын беру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 16 қазандағы № 994 бұйрығы
(2019.31.07. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2020 жылғы 15 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» 2010 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 14-бабы 1-тармағының 41-20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Сертификаттау және үлгі сертификатын беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті (Б.К. Сейдахметов):
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға оның көшірмелерін жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметті ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушы | А. Рау |
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Е.А. Досаев
2015 жылғы 3 желтоқсан