Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына
Жолдауы
(Астана, 2025 жылғы 8 қыркүйек)
«Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің 2025 жылғы 13 қазандағы № 1042 Жарлығын қараңыз
Құрметті депутаттар!
Өткен аптада Парламенттің жаңа сессиясы ашылды.
Қызметтеріңізге табыс тілеймін! Алдыңғы сессия жемісті болды деп күмәнсіз айтуға болады. Елге қажетті көптеген заң қабылданды.
Халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер көтерілді, жан-жақты талқыланды. Депутаттар жазғы демалыс кезінде аймақтарға барып, азаматтармен кездесті. Енді жұртшылық айтқан мәселелерді саралап, Үкіметпен бірге пысықтап, осы сессия барысында ескеру қажет.
Жалпы, Парламент депутаттары елімізде түбегейлі реформалар жасау жолында маңызды рөл атқарып келеді. Сіздерге зор ризашылығымды білдіремін.
Қымбатты отандастар!
Құрметті Парламент депутаттары және Үкімет мүшелері!
Қазір дүние жүзі жаңа тарихи дәуірге қадам басты.
Бұл дәуірдің барша адамзат үшін оңай болмайтыны анық. Алпауыт елдер мен халықаралық одақтар арасындағы қарама-қайшылықтардың ауқымы өсіп бара жатыр. Халықаралық қатынастағы шиеленістер мен озбырлықтың салдарынан қақтығыстар мен соғыстар белең алды. Кейбір мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатында әсіре ұлтшылдық күшейді.
Әлем экономикасында теңсіздіктер мен қайшылықтар ушыға түсті. Кейбір мемлекеттер экономикалық дамуда артта қалып, кейбір елдер жасанды интеллект саласында теңдессіз табысқа жетуде. Халықаралық құқықтың мән-маңызы кете бастады.
Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің рөлі мен мәртебесіне сай қазіргі басты түйткілдерді шешуге қауқарсыз болуда.