Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2016 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 580 бұйрығына
30-қосымша
Осы редакция 2025 жылғы 27 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Электр желілеріндегі электр энергиясы шығындарының нормативтік шамасын есептеу
әдістемесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Электр желілеріндегі электр энергиясы шығындарының нормативтік шамасын есептеу әдістемесі (бұдан әрі - Әдістеме) «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңы 5-бабының 70-14) тармақшасына сәйкес әзірленген және электр желілері арқылы электр энергиясын беруді жүзеге асыратын ұйымдардың электр желілеріндегі электр энергиясының технологиялық шығындарын есептеуге арналған.
2. Осы Әдістемеде мынадай негізгі ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
1) электр энергиясының нақты (есептік) шығындары - желіге түскен электр энергиясы мен желіден босатылған электр энергиясының арасындағы айырма, ол электр энергиясын есепке алу жүйесінің деректері бойынша айқындалады;
2) электр энергиясын есепке алу жүйесі - электр энергиясының түсуі мен желіден босатылуын өлшеуді қамтамасыз ететін және токты өлшеу трансформаторларын (бұдан әрі - ТТ), кернеу трансформаторларын (бұдан әрі - КТ), электр есептегіштерді, жалғастырушы сымдар мен кабельдерді қамтитын өлшеу кешендерінің жиынтығы. Өлшеу кешендері электр энергиясын есепке алудың автоматтандырылған жүйесіне біріктірілуі мүмкін;
3) электр энергиясының технологиялық шығындары - электр энергиясын тасымалдау кезіндегі технологиялық шығындар мен электр энергиясын өткізу кезіндегі шығындардың жиыны;
4) электр энергиясын тасымалдау кезіндегі технологиялық шығындар - шығындардың екі құрамдас бөлігінің - электр желілері мен электр желісі жабдықтарындағы техникалық сипаттамаларға және желілер мен жабдықтардың жұмыс режимдеріне сәйкес электр энергиясын беру кезінде орын алатын физикалық процестермен негізделген шығындардың (техникалық шығындар), қосалқы станциялардың өз мұқтажына жұмсалатын электр энергиясы шығыстарының жиыны;
5) электр энергиясын өткізу кезіндегі шығындар - электр энергиясын есепке алу жүйесінің қателіктерімен негізделген шығындар мен кінәлілер белгіленбей электр энергиясын ұрлаумен негізделген шығындардың жиыны.