Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2026 жылғы 8 қазандағы
№ 355 бұйрығына
5 - қосымша
«Сиыр етін өндіру»
кәсіптік стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кәсіптік стандарттың қолдану аясы: «Сиыр етін өндіру» кәсіптік стандарты «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес әзірленген.
Кәсіптік стандарт жұмыскерлердің кәсіптік қызметтің белгілі бір түрін жүзеге асыруы, оның ішінде белгілі бір еңбек функцияларын орындауы үшін қажетті, сондай-ақ жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламаларын әзірлеуде біліктілік деңгейлерін айқындауға арналған.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) ІҚМ - ет бағытындағы өнімділігі бар немесе қарқынды бордақылауда тұрған ірі қара мал;
2) сиыр еті - ірі қара малдың еті;
3) мал шаруашылығы фермасы - ірі қара малды өсіруге, ұстауға және бордақылауға арналған өндірістік объект;
4) ауыл шаруашылығы жануарлары - мал шаруашылығы өнімін, шикізат өндіру үшін, сондай-ақ көлік және жұмыс күші ретінде пайдаланылатын, адам қолында өсірілетін үй жануарлары;
5) асыл тұқымды репродуктор - ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малды өсірумен айналысатын шаруашылық (ферма);
6) бордақылау алаңы - ірі қара малды ұстауға және қарқынды бордақылауға арналған мамандандырылған шаруашылық (ферма);
7) ІҚМ азықтандыру рационы - ірі қара малдың әртүрлі жыныстық-жас ерекшелігі топтарына арналған, олардың физиологиялық қажеттіліктерін, азықтардың қолжетімділігі мен экономикалық тиімділігін ескере отырып әзірленген, қоректік заттар бойынша теңгерімді азық құрамы;
8) вакцинация - эпизоотиялық жағдайды ескере отырып, вакциналарды қолдану арқылы ірі қара малда иммунитет қалыптастыруға бағытталған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар кешені;
9) асыл тұқымды жануар - Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы заңнамасына сәйкес тиісті тұқым бойынша республикалық палата асыл тұқымды мәртебе берген жануар;