Қазақстан Республикасы
Ғылым және жоғары білім
министрінің
2024 жылғы 27 қыркүйектегі
№ 464 бұйрығына 9-қосымша
Интернет және электрондық поштаны пайдалану
ережелері
1 тарау. Жалпы ережелер
1. Осы интернет желісін және электрондық поштаны пайдалану қағидалары (бұдан әрі - қағидалар) Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен оның ведомстволарының (бұдан әрі - Министрлік) сыртқы шеңбердің локальдық желісіне және электрондық поштасына қол жеткізу тәртібін, сондай-ақ қол жеткізуді басқару процестерін, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:
1) ақпараттық ресурс-қызметкерлер жұмыс процесін ұйымдастыру үшін пайдаланатын аппараттық және бағдарламалық қамтылым;
2) интернет-ресурс-аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылатын, бірегей желілік адресі және (немесе) домендік аты бар және Интернетте жұмыс істейтін, мәтіндік, графикалық, аудиовизуалды немесе өзге де түрде бейнеленетін электрондық ақпараттық ресурс;
3) ішкі шеңбердің локальдық желісі (бұдан әрі - ішкі шеңбердің ЛЖ) - мемлекеттік органның телекоммуникациялық желісінің ішкі шеңберіне жатқызылған, мемлекеттік органдардың бірыңғай көліктік ортасымен қосылуы бар мемлекеттік органның локальдық желісі;
4) сыртқы шеңбердің локальдық желісі (бұдан әрі - сыртқы шеңбердің ЛЖ) - мемлекеттік органның телекоммуникация желісінің сыртқы шеңберіне жатқызылған, байланыс операторлары мемлекеттік орган үшін интернетке қолжетімділіктің бірыңғай шлюзі арқылы ғана ұсынатын Интернетпен қосылуы бар мемлекеттік органның локальдық желісі;
5) Ақпараттық қауіпсіздік, мемлекеттік құпияларды қорғау және жұмылдыру жұмысы департаменті (бұдан әрі - АҚМҚҚЖЖД) - Министрлікте ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты бөлімше;