Қазақстан Республикасы
Көлік министрінің м.а.
2026 жылғы 4 мамырдағы
№ 114 бұйрығына 1-қосымша
Кәсіптік стандарт: «Пошта байланысының көліктік логистикасы»
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кәсіптік стандарттың қолдану аясы: «Пошта байланысының көліктік логистикасы» кәсіби стандарты «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 5-бабының 5-тармағына және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 7 қыркүйектегі № 377 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33401 болып тіркелген) бекітілген Кәсіптік стандарттарды әзірлеу және (немесе) жаңарту қағидаларына сәйкес әзірленді, білім беру бағдарламаларын қалыптастыруға, оның ішінде кәсіпорындарда персоналды оқытуға, білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен түлектерінің кәсіби біліктілігін тануға және ұйымдар мен кәсіпорындарда персоналды басқару саласындағы кең ауқымды міндеттерді шешуге қойылатын талаптарды белгілейді.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер, анықтамалар мен қысқартулар қолданылады:
1) бандероль - көлемі, массасы және буып-түю тәсілі пошта байланысы қызметтерін ұсыну қағидаларына сәйкес көзделген баспа басылымдарымен, іскерлік қағаздармен, құжаттармен және басқа да заттармен тіркелмейтін және тіркелетін пошта жөнелтілімі;
2) білім - кәсіптік міндет шеңберінде іс-әрекеттерді орындау үшін қажетті зерделенген және меңгерілген ақпарат;
3) вагондар (контейнерлер) операторы - вагондарды (контейнерлерді) меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде иеленуші және (немесе) тасымалдаушымен жасалған шарт негізінде вагондар (контейнерлер) операторы қызметін көрсету жолымен тасымалдау процесіне қатысатын және тасымалдау құжаттарында көрсетілген тұлға;
4) дағды - кәсіптік міндетті толығымен орындауға мүмкіндік беретін білім мен машықты қолдану қабілеті;
5) жазбаша хат-хабар - тіркелмейтін және тіркелетін хаттар, пошта карталары, бандерольдер және шағын пакеттер;